Михаил Шайдоров Чунцинде (Қытай) өткен Гран-при кезеңінде күміс медаль жеңіп алды. Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы үшін Қытайдағы Гран-при турнирі cәтті өтті деуге болады. Бір жыл бұрын Аспан асты елінде 1994 жылғы Олимпиада чемпионы Алексей Урмановтың шәкірті өзінің бірінші Гран-при сериясында қола жүлде жеңіп алған болатын.
Ал, бүгін еркін бағдарламада қазақстандық спортшы өзінің тарихи 3А+4Т каскадын орындап, 182,96 ұпай алды. Қысқа және еркін бағдарламалардың қосындысы бойынша Михаил 276,17 ұпай жинады. Бұл оған екінші орын иеленуге мүмкіндік берді. Бірінші орынды жапониялық Шун Сато (278,48) иеленсе, қола жүлде француздық Адам Сяо Хим Фаға (252,53) бұйырды.
Естеріңізге сала кетейік, 2 қарашада мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан құрамасының көшбасшысы Анже қаласында өткен беделді халықаралық турнир — Франция Гран-приінде жүлдеге бір қадам жетпей қалды. Ол уақытта конькишіміз төртінші орын алды.