Париждегі Олимпиада ойындарының жабылу салтанатына үш күн қалды және қазірдің өзінде қай жұлдыздар өнер көрсететіні туралы түрлі болжамдар айтылып жатыр. Салтанатты іс-шара 11 тамызда «Стад де Франс» стадионында өтеді.
Француздық Le Parisien ақпарат агенттігінің хабарлауынша, көркемдік жетекші Томас Жолли екі танымал жергілікті топтың — Phoenix және AIR тобының қойылымдарымен үлкен шоу дайындап жатыр.
Екі сағатқа созылатын іс-шара «Стад де Франста» өтеді және ойындар футуристік әлемді көрсетеді. Францияның спорт министрі Амели Удеа-Кастера FranceInfo агенттігіне Жолли мен оның командасының тағы да «әлемді таң қалдыратынына» сенімді екенін айтты. Францияның Олимпиада комитеті жабылу салтанаты туралы әлі күнге дейін жақ ашпай отыр. Комитет тек «Стад де Франс» жүздеген әртістер, бишілер мен цирк әртістері, атақты хедлайнерлер қатысатын алып концерттік залға айналады деп мәлімдеді. Жабылу салтанатына Том Круз да қатысады. Ол 2028 жылы ойындар өтетін Лос-Анджелеске Олимпиада жалауын тапсыру кезінде пайда болуы мүмкін. Ол шоу барысында қауіпті трюк жасайды деп күтілуде.
TMZ хабарлауынша, актердің Франциядан АҚШ-қа ұшып бара жатқаны және Лос-Анджелестегі Голливуд Хиллсіндегі танымал белгіге парашютпен қонғаны туралы бейнеролик наурыз айында түсірілген. Бейнеролик Парижде Том Круз Олимпиада жалауымен «Стад де Франстың» төбесіне көтерілгеннен кейін көрсетіледі деп күтілуде.
Айта кетейік, актер Парижде ойындар кезінде көзге түсіп үлгерген. Ол әйелдер гимнастикасы мен жүзу жарыстарына қатысты.
Сондай-ақ Снуп Догг пен Тейлор Свифт те өнер көрсетуі мүмкін.
Жазғы Олимпиада ойындарының жабылу салтанаты ашылу салтанатындай жарқын болады деді баспасөз мәслихатында 2024 жылғы ойындарды ұйымдастыру комитетінің басшысы Тони Эстанге.
«Жабылу салтанаты ашылу салтанатындай жарқын болады. Барлығымызды ұмытылмас көрініс күтіп тұр. Ал біз оны асыға күтеміз. Ашылу салтанатындағы кейбір көріністер көңілдеріңізге тисе кешірім сұраймыз. Бірақ, біз әртістерге тиген сын толқынын орынсыз деп ойлаймыз», — деді Эстанге.
Париждегі 2024 жылғы ойындардың ашылу салтанаты 26 шілдеде Сена өзенінде, тарихта алғаш рет стадионнан тыс жерде өтті. Іс-шара нашар ұйымдастырылғаны үшін, сондай-ақ белгілі бір көріністер, атап айтқанда, библиялық сюжеттің болғаны үшін сынға алынды.