Свяжитесь с нами

Привет, что ты ищешь?

Бокс

Париж олимпиадасына бармағаныма өкіндім — Данияр Елеусінов

Париж олимпиадасынан кейін спорттағы жағдайымыздың қаншалықты мүшкіл екенін аңғардық. Қазақ спорты неге сәтсіз өнер көрсетті, әсіресе, ел үлкен үміт күткен бокста спортшыларымыз қоғадай жапырылып, жарыс жолынан шығып қалып жатқаны арқамызды аяздай қарыды. Басқаны былай қойғанда, бокс біздің алтын алатын соңғы үмітіміз еді ғой. Салада қордаланған түйткілді мәселелерді қайтпек керек? Ауруды жасырғанмен, оны өлім әшкере етеді дегеннің шын екеніне спорт шенеуніктерінің көзі қаншалықты жетті? Сан сауал. Рио олимпиадасының жеңімпазы, бүгінде кәсіпқой бокста жүрген азамат Данияр Елеусіновпен “Ұлысмедиа” Бас редакторы Самал Берікқызы сұқбаттасқан еді. Толық нұсқасы Ulysmedia.kz сайтында.

 

– Сіз олимпиада алдында да пікір білдірдіңіз. Біз сізді Париж олимпиадасына қатысады деп ойлаған едік. Одан кейін сіз кәсіпқой рингке қайта оралдыңыз. Чемпиондық белбеуге таласу мүмкіндігіңізді қазір қалай бағалайсыз? Жасыңыз 33-те ғана. Басты сұрақ: Қазақстанда әуесқой бокстың тоқырауының басты себебі неде?

 Шынын айтсам, қиын сұрақ екен. Мен Риодан кейін кәсіпқой боксқа ауыстым. Неге тоқырауға ұшырады? Анық-қанығын білмеймін. Себебі басы-қасында жүрген жоқпын. Бірақ сырттай бақылағаным: жігіттер әлем чемпионаттарында жақсы өнер көрсетті. Енді олимпиада ойындары мен Азия ойындарында қобалжу болып тұрған сияқты. Мүмкін психологиялық тұрғыдан.  Қарсыластары мықты болып жатыр ма… Ташкентте өткен әлем чемпионатында, мысалы, біздікілер жақсы бокстасты, ол жердегі қарсыластары осал болған жоқ, 4 әлем чемпионы, дегенмен біраз мемлекет қатыспай да қалған, АИБА мен Америка, Еуропа елдері арасындағы санкцияға байланысты, дегенмен де 4 әлем чемпионын көрдік, керемет нәтижелер болды. Одан кейін Азия және Олимпиада ойындарында алтын болмай қалды. Біраз жігіттерді де қыспаққа алды деп  ойлаймын, кейбір жекпе-жектерін бермеген кездер болды, менің ойымша. Терезесі тең, сәл басымдықпен ұтқан жекпе-жектер болды, иә, бір бас жоғары болып ұту қиын олипиада ойындарында. Жігіттердің дайындығына келетін болсақ, жігіттер жаман дайындалды деп те айта алмаймын. Бірақ сәл қобалжу не психологиялық тұрғыдан қиындау болып көрінген сияқты. Бәсеке алдында сенімділік жетіспеген сияқты рингте.

– Боксшыларды тым еркелетіп алған жоқпыз ба? Бас-басына машина, бас-басына млн-даған ақша беріп?

 Шынын айтсам, олай қызғанғандай болғым келмейді. Қолы ашық азаматтар беріп жатса, әрине, осыған дейін біздегі нөмірі бірінші спорт түрі ғой. Ол да дұрыс, бағалануы керек деп ойлаймын.

– Бізде лицензия үшін де марапат сыйақы беріледі екен. Меніңше, ол дұрыс емес. Әлде ол дұрыс па?

 Негізі ол бұрыннан бар. Лицензия алған спортшының туған жерінен сыйлық жасайды. Сыйақы беріледі, жалақы беріледі.

– Сізге не берілді?

 Шыным айтсам есімде жоқ, бізге Рионың алдында ештеңе берілмеді. Бірақ басқалай көмектер көрсетілді. АҚШ-қа жаттығу жиындарына бардым. Оның шығындарының бәрін жауып берді. Дайындалдым, сұрандым ұлттық құрамадан бөлек. Америкаға барып келейін, потенциалды қарсыластарыма өзімді көрсетпейін, көз үйретпейін, бой үйретпейін деп, Америкаға сұранып, сол жақтан жақсы оқу-жаттығу жиындарын өткізіп келдім. Яғни, біз қолдауды өзімізді дамыту жағынан қолдандық. Қазір енді… сыйақыны алғаннан… адамның өзіне де байланысты, одан да жақсы жұмыс істеймін десе, әрине.

– Олардың ойын бұзып, босаңсытып алмай ма деген мәселе ғой.

 Мүмкін, мүмкін, ол да мүмкін.

– Боксшылар тойынған деп айтып жатыр. Кезіндегі біздің Риодағы, Сиднейдегі, Лондондағы боксшылардың көздері жанып тұрған керемет спортшылар болды. Мысалы, осы жолы Парижде бокста өзім көрермен болып отырдым. Ешкім ренжімесін, сондай боксшыны көрмедім. Ту ұстап, жанкүйер болдық. Бірақ мен мына боксшы алтын алмайды деп іштей сездім. Көрініп тұр. Расслабленный, бәрі бар, бәрі жетеді, тойған боксшы. Маған солай көрінді. Біз ашық айтайық. Мен де, сіз де қазақы тәрбиедегі адамдармыз. Ренжіп қалады деп көңіліне қараймыз. Қазір ашық айтпасақ, ертең Лос-Анджелесте те алтынсыз қаламыз.

 Иә, дұрыс айтасыз. Меніңше, Әлем чемпионаттарында жақсы өнер көрсеткен бала басқа ойындарда да жақсы өнер көрсете алады. Мәселе онда емес сияқты. Басқада болуы мүмкін. Өзбектер молодцы. 7 салмақ дәрежесінде 5 алтын әкелді. Бірақ олар алдын ала жұлқынып тұрғанын көрдіңіз ғой. Рингке шыққанда, бірінші раундтан бастап билеп жүр. Оларға ондай сенімділікті кім берді? Негізінде бірінші раундта ондай сенімділік болмайды ғой. Әлі бір соққы дарытқан жоқсың немесе ұтып жатқаныңды білмейсің. Алдын ала саған дұрыс ойнап бер, жеңіс сенікі дейтін болса ғана. Ал біздің балалар ондай сенімді болмағаннан кейін, яғни олар не жеңісті беретінін, не бермейтінін білмейді. Ұтсаң, жеңісті бере ме, бермей ме, сондай екіойлы болып шыққаннан кейін қиындау сияқты психологиялық тұрғыдан. Иә, дайындықтарында да бірнәрсе ауыстыру керек шығар. Басқа спортшыны қарастыру керек шығар, проблема бәрінде бірдей емес қой. Бірақ оның бәрі менің жеке пікірім. Менікі дұрыс не бұрыс деген сөз емес.

– Шыны керек, намысқа тиді бокстан алтын ала алмай жатқанымыз. Бізде спортты тым саясиландырып алдық па, қалай ойлайсыз, оның да әсері болған жоқ па? Ұлттық олимпиада комитетін осыған дейін Тимур Құлыбаев басқарды. Ол олимпиада алдында ауысты. Бізде неге спорт федерацияларының барлығын олигархтар басқарады? Сіздіңше бұл қаншалықты дұрыс? Содан пайда бар ма спортқа?

 Мен ол жағын білмеймін. Мен өнер көрсеткен кездерде Тимур Асқарұлы, Данияр Рүстемұлы Абулғазин болды. Меніңше, олардың ҰОК-де, АИБА-да, халықаралық басқа спорт ұйымдарында беделі болды. Себебі біз алтынсыз келмейтінбіз. Лондонда, Риода бір-бір алтыннан болса да, одан бөлек күмісі мен қоласын алып келетінбіз. Енді ол өзімді кемсіткенім емес, бірақ ол жерде спортшылар да талапқа сай болған болуы мүмкін, Серік те, Данияр да мықты болды, қазір енді балаларды нашар деп айта алмаймын, бірақ олимпиадада солай болды. Пайдасы болды ол кісілердің. Бекет Махмутовтан бастап, ол кісінің жасағанын, әрине, ешкім қайталай алған жоқ. Екі алтын, Баркер кубоктарын қалай алғызды? Тимур Асқарұлының кезінде Серік Сәпиев Баркер кубогын алды. Мен алтын алдым, Күміс алса да, В.Левитті олимпиада чемпионы болды деп санаймын өз басым. Әділбекті де жасауға болатын еді, терезесі тең ойын өткізді. Ла Круспен бокстасқанда, бірақ біз сол кезде күшті нәтижелер көрсетіп жүрдік. Бір алтын, екі күміс, бір қола — 4 медаль.

– Яғни, олимпиада да саяси тұрғыда абырой да әсер етеді ғой сонда?

Әрине, меніңще, солай. Халықаралық бокс комитетінде де адамдар болу керек шығар. АИБА өткізді ме, сол жақта да. Олар дұрыс болмай қалса, екінші жағы да дұрыс болмай қалады. Бірақ спортшылар да жұлқынып тұруы керек. Ол бір-бірінсіз жұмыс жасамайды. Келіссөз жүргізетін жақ спортшыға сенімді болуы керек. Спортшы да сенімді болуы керек.

– Ал, іріктеу ше, аймақ, облыс деңгейіндегі іріктеулер қаншалықты таза өтеді?

 Қазір бәрін дұрыстап жатыр. Мен бүкіл жарыстар туралы айта алмаймын. Балалар, жасөспірімдер, жастар арасындағы жарыстардың барлығын қадағалай алмаймын. Қаракөз Абдалиевтің жарысында төрешілік бәрі әділетті өтті. Финалдық кездесулерге бардым, марапаттадым, қонақ болдым. Бірақ мен қалаған кейбір жекпе-жектер өтпей қалды. Жартылай финалда жарақат алған спортшылар болды, бір-бірімен рингке шыққысы келмейтін боксшылар болды. Екеуара дос жігіттер болды. Бәрібір оларға үлкен жарыстарда бокстасуға тура келеді.

– Өзбекстандық сарапшылар айтып жатыр, бұл елде спортты қолдау жүйелі ұйымдастырылды деп. Резервке аса мән береді деп жатыр. Жаттықтырушылар да мықты, біздікіндей субъективті факторға қарамайды деп айтып жатыр.

 Оларда ұйымшылдық мықты болып тұр. Мемлекет басшысы айтты ма, істейді.

— Ал қазір сондай мотивация жоқ деп ойлайсыз ба?

— Мотивация, артық айтып қоймаймын, білмеймін, жастардың осы спортқа емес, басқа спортқа қызығушылығы артып жатқан шығар.

— Қандай спортқа қызығушылығы артуы мүмкін қазақтың?

— Негізі бокс біздің спорт қой, 7 алтын алып келдік, тарихы терең, ұлттық рух. Оны жібермеу керек деп ойлаймын өз басым. Бәрін оралту керек.

— Қалай оралту керек, не істеу керек?

— Өзіңіз айтқандай, іріктеу жарыстарының бәрі әділетті өтуі керек. Жастайынан ешкім сағын сындырмауы керек. «Таныс-тамыр звандайды» деген болмауы керек деп ойлаймын. Шын мықты ұтып жатыр ма, соған беруі керек. Бірақ шын мықты ұтып жатқанын қалай білесің? Әр тренер әртүрлі боксшыны жақсы көреді, мысалы, мен контр-партнермін. Соққы алғанды мүлдем ұнатпаймын. Соққыны аз өткіземін. Өзім де көп ұрмайтын шығармын, бірақ таза тигіземін. Кейбіреуіне ондай бокс ұнамайды. Қашып жүреді үнемі, велосипедте жүреді, негізінде ол әдемі бокс түсінген адамға. Бірақ оның да любительдері көп емес. Ондай бокс ұнамаса, бас бапкер басқа спортшыны таңдауы мүмкін, оның көзқарасы бойынша бағанағы спортшы мықтырақ сияқты болып көрінеді. Жарысқа барғанда төрешілер таза соққыларды ғана бағалауы мүмкін. Сондай-сондай сәттер ғой. Резерв үнемі болуы керек. Меніңше, соңғы кездері бұрынғыдай бірінші нөмірдегі боксшыдан басқа екінші, үшінші нөмірдегі боксшылар болмай қалды мүлдем. Конкуренция жоқ. Біздің артымызда 4-5 бала тұрды. Сен шығып қалсаң, дайын тұратын. Ермахан ағалар, Бекзат, Мұхтархан ағалардың кезінде біздегіден де көп резерв болды. 2004 жылы көбірек болды. 2008, 2012 жылдары сәл азайды. Біздің кезде де азайды, бірақ бәрібір болды. Уақыт өткен сайын азайып бара жатыр резервте тұратындар қатары. Енді төрт жыл бойы екінші нөмір болып тұрғысы келмейді, күткісі келмейді. Бизнеске кетеді. Енді олар да бір нәрсе тауып өмір сүруі керек қой. Негізі күтсе, оларға да мүмкіндік туатын еді.

— Ол үшін жаттықтырушы әділ болуы керек қой?

— Иә, жаттықтырушылар да әділ болуы керек. Оған дейінгі жаттықтырушылар әділетсіз болды деп айта алмаймын. Мені Риоға, Лондонға апарған жаттықтырушы — Мырзағали Айтжанов. Ол кісі кім ызбандаса да, өз шешіміне нық болатын. Осы жолы білмеймін, жанында болған жоқпын, жасы ұлғайған сайын адам бала сияқты болады ғой, жұмсақ бола түседі, мүмкін оған да ызбандап айтатын шығар, мынаны-мынаны апар деп. Солай ызбандайтындарды естідік, білеміз. Менің әкем де Ұлттық құрамада жаттықтырушы болды.

— Сонда қалай ызбандайды, ана спортшыны өткіз деп ызбандай ма?

— Енді әркімнің өз пікірі бар, тума-туысы, танысы бар. Ол оны мықты деп ойлап ызбандайды. Негізі ұтты, әділетті қарасайшы деп ызбандауы мүмкін. Болды, аласың деп емес, ұтылып қалса, жарайды, меніңше, ұтқан сияқты, сен қалай қарайсың деп ызбандайды деп ойлаймын. Енді Мырза ағайдың өзінің нық шешімі болды сол кезде. Сол кезде ол өзі таңдайтын. Қазір білмеймін қалай екенін. Мүмкін шешім қабылдауға мүмкіндік бермеген шығар, берсе де, резерв болмаған шығар.

— Спортта жүлдені бөлісетін жүйе болған дейді, сол рас па?

— Ондай жүйе болған.

— Егер келіспесең, сен аутсайдерсің.

— Біз соны сындырған адамдардың біріміз. Мүмкін әкем басында мені ойлап, алда кездесетін қиындықтарды ойлап, уайымдаған шығар, бірақ мен өзіме кішкентайымнан сенімді болдым. Мен өзім қол жеткіздім. Бірақ ондай дүниелерді естідім. Көбіне біздің жақтарда емес, Астана қаласында емес.

— Қазір сізде спонсорлар бар ма? Кімдер?

— Бар. BI Group-та Айдын Жұмаділұлы мен Кеңес Рақышев бар. Оған дейін екі жыл Данияр Абулғазин (ҚазақОйл) көмектесті. Қомақты қаржы берген сол кісі бірінші. Мен ол кезде IBF Intercontinental нұсқасы бойынша Джулиус Индонгоны жеңіп келген едім. Ол кісі қатты қуанды. Себебі, енді ол Данияр әуесқой бокста жақсы еді, кәсіпқой бокста жолы болмайды, құлата алмайды, соққысы жоқ деген әңгімелерді естиді ғой. Индонго Кроуфордпен бокстасып ұтылды, алайда төрт белдіктің екеуі Кроуфордта, екеуі Индонгода қалған. Джулиус Индонго бұрынғы әлем чемпионы болғандықтан, мен үшін атағы бар спортшы болды. Кездесуде екінші раундта нокаутқа жіберген кезінде сол ағамыз да қуанды. Сен кәсіпқойда да бокстаса алады екенсің деп. Көмектесіп жатқандар бар, дегенмен масштабный көмек керек болып тұр. Масштабный деген бала-шағама, күнделікті өміріме ғана емес, мен дегеніме жеткім келіп тұр ғой. Мықты қарсыласпен шығуым керек. Оның бәрі қомақты қаржы. Шоу өткізу керек. Промоутер болмаса, неге өз елімізде өткізбейміз? Біздің халық сенбейді, білемін, қазір анау мешоктарды алып келеді де, ұрады деп. Жарайды, мешокты алып келмейін, келісетін, аты бар спортшыны алып келейін. Бірақ, тиісінше, ол өзінің тәуекелі үшін сондай қаржы сұрайды. Екі есе сұрайды Қазақстанға келу үшін. Ол Америкада, Мексикада төбелесе беруі мүмкін, Қазақстанға келуге келісім бере ме, бермей ме белгісіз.

— Жұлдызды қарсыластардан кімдерді қарастырасыз?

— Хотя бы Марио Барриос. Джервонта Дэвиспен бокстасқан. WBC тұжырымы бойынша ұттым ғой жақында белбеуді, енді сол рейтингке кіріп, соған үміткер болсам міндетті, ол боксшы келе қоюы екіталай, бірақ қолдан келмейтін дүние емес. Бәрі ақшаға келіп тіреледі. Ол шоуда жалғыз сен шықпайсың ғой, қазақтың басқа да спортшылары шығуы керек.

— Мұндай деңгейде Бокс федерациясының жақында келген басшысы Шахмұрат Мүтәліп қолдау жасай ала ма?

— Шахмұрат жақсы, қолы ашық жігіт қой. Мен оған әлі ондай ұсыныс айтқаным жоқ. Айтсам, әрине, бетімді қайтармайтынына сенімдімін. Бірақ ол жалғыз ғана істеуі тиіс деп ойламаймын. Жан-жақтан көмектесуі керек деп ойлаймын. Менеджерімнің қолынан келмей тұрған дүниелер бар, жақсы промоушенмен жұмыс істегім келеді. Бірақ кезінде бүлдіріп алған өздері. Бокс әлемінде мықты 4-5 промоутер бар. Олар естиді де, бәлесінен аулақ, шатақ екен деп қорқып қалады. Негізінде ол кездегі қателігімді мен қайталамаймын ғой. Жас та өсті, тәжірибе алдық деген сияқты. Бірақ менің қазір қандай екенімді ол промоутерлердің бәрі біле бермейді ғой.

— Иә, сіз туралы: “көп уақытын, күш-қуатын сотқа жұмсады” деп айтады.

— Ол да бір мол тәжірибе болды.

— Өкінесіз бе қазір соған?

— Сотқа бергенім үшін емес, менеджерлерімді мен по делу сотқа бердім. Слушание ғана болды, біздікі сотқа жеткен жоқ. Промоутер ол бөлек дүние, сіз шатастырып отырсыз. Промоутер менде Эдди Хирн болды. Ал менеджер менің қасымда болған. Көбінесе спортшылар промоутермен соттасады. Мен промоутермен емес, өзімнің командамдағы адаммен, менің артымнан осындай дүниелер жасағаны үшін, маған айтпағаны, көрсетпегені үшін … сондай дүниелер болды. Сен Эддидің контрактысы нашар дедің де, бас тарттың, енді альтернатива қайда дедім? Бір жыл өтті, екінші жыл өтті, жекпе-жек жоқ, сосын, әрине, менде притензиялар басталады. Одан кейін мен ештеңеге келіспей, сот басталып кеткенде, ол бірдеңелерді ұсынғандай болды. Мен ол кезде оған сенген жоқпын. Шын ба, шын емес пе, ондайлардың талайы болған бұған дейін, бірақ нәтижесі болмаған. Бірақ қазір амал жоқ, достастық, себебі сотқа бармайтын болдық қой, біздер слушаниеден қайттық. Өткенде жекпе-жегіне шығып бердім.

— Көбіне боксшылардың өздері шешім қабылдауға бастары жетпей деген стереотип бар. Расында да солай ма?

— Жоқ, неге? Өзіміз шешім қабылдап, өзіміз қателесіп жатырмыз ғой. Спортшы болсам да, мектеп-лицейді бітірген баламын. Университетте оқығам.

— Жақында ҰОК-нің хатшысы болған Жанар Утешованы “сенімді ақтамады” деген себеппен жұмыстан шығарды. Сонда көп адам: бұл Головкиннің шешімі емес, ол боксшы, өзі шешім қабылдайтындай деңгейде емес деген әңгіме айтты. Осы жағдайға байланысты қандай пікір қалыптасты сізде? Сіз өзіңізді оқыған, жеке пікірім бар деп отырсыз ғой.

— Постты оқыдым. Бірақ мұны өзінің шешімі емес деп айта алмаймын, олай беделін түсірмей-ақ қояйық. Ондай дүниелерді өзі де шеше алады деп ойлаймын.

— Егер Қазақстанда сондай қызмет ұсынса, сіз барар ма едіңіз?

— Барар едім. Мен жай ғана креслоға отырғым келмейді. Жаңалық алып келгім келеді. Шетелге барып, оқып келгім келеді. Жаңа біліммен. Шынымен де нәтиже бере алатындай дүние жасағым келеді. Ол да спорт сияқты ғой, ол жерде де мен чемпион болғым келеді егер барсам, әзірге мен мына жерде чемпион болуды қуалап жүрмін. Олимпиада чемпионы болғым келді, ол алғашқы олимпиаданы көргеннен бергі арманым болды. Енді Г.Головкин, Б.Шүменов, Жанат Жақиянов, В.Жиров ағаларымызды көріп, осы арманымды орындағым келді. Василий Жиров Олимпиада чемпионы, Баркер кубогын алған, одан кейін кәсіпқой бокста чемпион болған. Ондай спортшы, менің ойымша, жоқ. Енді соны қайталағым келеді. Әуесқойда бәрін алдым. Енді кәсіпқойда чемпион болсам, бокспен қоштасамын. Сол кезде мен дайын боламын, бірақ бірден дайындықсыз болмайды.

— Елдос Сметовке қатысты көп пікірлер айтылды, діни көзқарасына қатысты және анасын ертіп жүр деп пе…Сіздің ойыңыз қандай? Сізді де діни адам деп айтады, мен әркімнің діни көзқарасы өзінде деп санаймын.

— Қоғамда сондай үрдіс бар. Екі-үшке бөлініп жатыр ғой қазір қазақ қоғамы. Әлмисақтан мұсылманбыз деп, сол жолмен жүргендер бар, ата-баба діні деп тәңірлікті айтып жүргендер бар. Чайлд фрилар бар, қазір тіптен көбейіп кетті ғой, батыстың ықпалына түсіп жатқандар көп қой. Америкада болдым, ол жақта ешкім дініне тиіспейді, бизнес жасайсың ба, жаса, салығыңды төлесең болды. Бізде бір-бірімен алысып жатады дін мәселесінде. Бастысы, адам өзі дұрыс болуы керек, қоғамға пайдалы іс жасауы керек.

— Осындай шудан кейін Елдос Сметов сақалын қырып тастады. Меніңше, сенде сондай позиция болды ма, соңына дейін оны ұстану керек.

— Мүмкін үлкен кісілер айтқан шығар, оны білмедім.

— Дін бізде манипулляция болып кеткен жоқ па?

— Ол жағы бар шығар, мен енді көп білем деп айта алмаймын. Өзім де әлі ізденіп жүрген адаммын ішкі дүниеммен. Қалай дұрыс, қалай бұрыс деген сияқты. Бірақ кішкентай кезімнен сенемін Аллаға. Сөйлесетінмін. Атамда үлкен Құран кітабы болатын. Атамның аты -Абдулталиб. Ислам туралы ақпарат айтып жүретін, Алла бар деп. Содан сіңген. Ақырында бәрібір соған келесің. Манипуляцияларды адамдар істеп жатыр, исламның өзі нашар деген сөз емес, қазір адамдар блогер болып кеткендіктен, аудитория жинау үшін хайп жасайды деп ойлаймын. Біз батыстың жаман жақтарын алып келеміз. Жаманды тез үйренесің, жақсыны қабылдау қиын дегендей. Жақсыға еңбектену керек, төзімділік керек.

— Ұлт ретінде ұсақталып кеткен жоқпыз ба?

—  Мүмкін, енді оның себебін менен сұрасаңыз, кезінде кеңес одағы кезінде жасалған дүниелер ғой деп ойлаймын. Себебі қанша зиялымызды қырып тастады. Адамдар содан кейін қорқады ғой, оқыған, білімді адамдар кетіп жатса, біз кімбіз деген сияқты.

—  Қазақтың еркектері де ұсақталып кеткен сияқты.

— Ол, мүмкін, әйел адаммен ұрыс-керістен сол әйелдің мінезін өзіне қабылдап алатын шығар. Адам адамға ұқсап кетеді ғой. Сондықтан да көп нәрсе әйелге де байланысты. Еркегі еркек сияқты болу үшін сондай обращение болуы керек деп ойлаймын. Енді еркекпен мелочьқа ұрыса берсе, еркегің де мелочник болып кетеді.

— Бізде абьюзерлер бар екен…

—  Бір философтың айтқаны бар екен: Мен қанша өмір сүрдім, түсінгенім: мен ештеңені білмейтінімді түсіндім деп. Әрбір адам өзінің өмірінде болған тәжірибесімен ғана айтып бере алады ғой қалай дұрыс, қалай бұрыс екенін. Пайғамбарымыздың өмірі туралы оқысаңыз, сол жерден түсінесіз деп ойлаймын. Адамдарға қатысты барлық қарым-қатынас жайында. Бірақ мен ол туралы жұртқа дәріс оқып, айтып, таратып жүре алмаймын. Себебі менің өзім светой адам емеспін.

— Сізбен сұқбаттасамыз дегелі маған Даниярдан әйелі туралы сұрашы деген өтініштер көп болды. Мен өзімді феминист деп те атай алмаймын. Мен үшін адам құқығы басты орында. Қазір феминистік ұйымдар дамып жатыр, әйел құқығы көтеріліп жатыр.

— Мен әділеттілікті қолдаймын. Феминизмді толық қолдамаймын, бірақ жігіттердің де артық кетіп жатқан кездері болады. Қол жұмсау, төбелес, өлімдер болып жатыр қаншама. Меніңше, ортада сыйластық, компромис болуы керек. Келіссөз жүргізу керек. Саған мынау ұнамайды, оған мынау ұнамайды. Ортақ мәміле керек. Феминистік көзқарасты толық қабылдай алмайтыным, себебі ол табиғатпен сәйкес келмейді. Себебі мықты әйел болу үшін оның артында әкесі, ағасы, бауыры тұрады. Еркектің де артында анасы, әйелі тұрады. Сондықтан феминистер деп топқа бөлінбей, отбасын қалай сақтап қалуға болады деген ортақ бір топ болған дұрыс деп ойлаймын.

—  Шетелден жаттықтырушылар алдыру керек пе, қалай ойлайсыз?

— Жаңа леп болу үшін керек те шығар, бірақ нәтиже көрсеткен жаттықтырушылар болуы керек. Мысалы, Кубадан. Меніңше, бізде де мықты жаттықтырушылар бар, бірақ олар соңғы екі олимпиадада шешуші позицияда болмады. Шетелден алдыруға болады көмекші ретінде. Куба боксы да мықты ғой, кеңестік және америкалық боксты қосып жіберген мектеп. Біз оларды шақыруға намыстанамыз ғой, себебі Бақтияр Артаев та, Бақыт Сәрсекбаев та, мен де финалда кубалық боксшыны ұттық. Баркер алды қазақстандықтар. Сондықтан олардан қысыламыз ғой қазіргі жағдайымызды көрсетуге. Бірақ енді қазір ондай көмек керек болса, оны алу керек деп ойлаймын. Қазір кубалықтардың өздерінің бокстары да әлсіреп қалды ғой. Қазір Өзбекстаннан алып келу керек болып тұр (күліп).

—  Жас боксшылардың қайсысына үміт артасыз?

— Сырттай бақылап жүрген спортшылар бар, алдағы уақытта да көру керек оларды. Санжар Тәшкенбай өте керемет боксшы. Әлем чемпионын бір бас жоғары болып ұтты. Сосын Сабырхан Төрехан деген боксшы. Махмуд Сабырханның інісі жақсы деңгейде. Ол жастар арасында өнер көрсетіп жүр, ертең ересектер арасында көруіміз керек. Қайтадан оралып жатқан боксшылар да бар. Абылайхан Жүсіптің жақында боксын көрдім. Өте жақсы. Безат Нұрдәулетов бар. Маған ұнады. Сабыржан бар.

— Олар неге оралды кәсіпқойдан?

— Кәсіпқойда қазақ боксына деген стабильность болмай жатыр, әуесқойда график бар. Кәсіпқой бокс бизнес болғаннан кейін қиындау. Абылайханда Сулеймен промоушн жабылып қалды. Бекзат Адал промоушнда жүрді. Бірақ шоулар әрдайым өте бермейді ғой. Сондықтан әуесқой бокспен ұштастырғысы келді де, қайтадан оралды.

  Париж олимпиадасына бару мәселесі сіз үшін қарастырылды ма?

—  Өте кеш қарастырылды. Ағалар (сол кездегі Туризм және спорт министрі Е.Маржықбаев) ұсынды. Бірақ доданың басталуына 10 күндей қалған.

— Біздікілер олимпиадада алтын алмағаннан кейін бармай қалғаныңа өкінген жоқсың ба?

— Ондай өкініш болды, әрине. Бокстың қадірі түсіп бара жатса, ол бәрімізге тиеді ғой.

— Маржықбаевпен қарым-қатынасыңыз қандай болды? Қазір Үкімет басшысының кеңесшісі. Олимпиададан кейін оны алып тастады ғой. Не үшін екені айтылған да жоқ. Жаңа министр туралы не айта аласыз?

— Ол кісімен жақсы таныспыз. Алдын ала сынамай-ақ қояйық. Уақыт көрсетеді.

— Спортқа реформа керек пе?

—  Өз басым әр спорттың спецификасын біліп барып, реформалау керек деп ойлаймын.

— Менің бір түсінгенім, әр спортта былық көп. Бәрі ақшаға құныққан, ұлттық намыс дегенді ойламайды.

— Заман сондай болып бара жатыр ғой. Шетелден келіп жатқан дүниелер сондай болып жатыр. Батыстың “only business” дегені келіп жатыр.

— Спортта да солай ма сонда?

— Соған қарай бет түзеген секілді. Көзбояушылықпен көп айналысамыз деп ойлаймын. Шын ниетпен жасалып жатқан дүниелерді байқамай қаламын. Құр мақтан үшін жасалатын секілді.

— Қазіргі спорттағы жастарға қандай кеңес бересіз?

— Бір нәрсеге қол жеткіземін десеңіздер, армандаңыздар, үлгілеріңіз дұрыс болсын. Арманға жету үшін сәйкес амал жасау керек. Сәйкес амал дегенің ол жаттығу керек. Көпті көрген адамдардан кеңес алып, ішінен өзіңе керегін алу керек. Бизнесте қандай карьера құрасыз, мына жерде де сондай.

— Бұрын ата-аналар баласын боксқа бергенде Олимпиада чемпионы болады деп береді. Қазір “қой, миы шайқалады” деп кері тартып жатыр. Неге? Соны байқайсыз ба?

— Заманға сай болып бара жатыр ғой. Кезінде мектептен келгеннен кейін балалармен ойнап келесің, ешкім қадағалаймайды. Қазір бәрі қолынан жетектеп жүреді. Қатты аяп, қатты қадағалай бергеннен. Травма алып қалады, сөз естиді деп. Біз қалай өлмегенбіз деймін, оған дейінгі поколение қалай тірі қалған. Бірақ еркектер бәрібір ысылып өсуі керек деп ойлаймын. Ол ер баланың жігіт болуына, қиыншылықтарды көруіне единоборство қатты көмектеседі. Жарайды, ол кейін спортшы болмай-ақ қойсын. Бірақ мінез-құлқының қалыптасуына, көшбасшылық қасиетін қалыптастыруына көмектеседі деп ойлаймын.

— Бірақ бізде әлі күнге дейін ауылдарда жабдықталмаған спорт секциялары бар екен.

— Дарынды балалардың көбі сол жерде жүр ғой. Оларға психологиялық, қаржылық тұрғыдан көмек керек.

— Ал сіз өзіңіз шыққан ауылға көмектесіп тұрасыз ба?

— Мен ол ауылға бармағалы көп болды. Казталовка деген ауданда мен олимпиада чемпионы болғаннан кейін ФОК салынып жатқан еді. Қазір біткен болуы керек. Ол ауылда бір туысқаным бар, қалғандары қалада. Ол ауылда әкемнің спортзалы мектепте болатын. Атам да сол мектепте сабақ берген. Ол жерге барып тұрамын. Көп болды бармағалы. Америкаға дейін барған шығармын. Бір барып қайту керек. Ата-әжем жатыр ол жерде.

—  Жақсы, Данияр мырза, біраз нәрсені айттық. Сұқбатыңыз үшін рахмет!


Дереккөз: Ulysmedia.kz

Нажмите, чтобы прокомментировать

Оставить ответ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вам также может понравиться

Футбол

«Реал» шабуылшысы Винисиус Джуниордың «Алтын допты» алатыны туралы ақпарат пайда болды. Marca басылымының хабарлауынша, бразилиялық 28 қазанда Париждегі «Шатле» театрында өтетін салтанатты шарада 2023/24...

Су спорты

Muhit жыл сайынғы ең ауқымды су полосынан балалар фестивалі! Мерекені жіберіп алмаңыз! Жас таланттардың үлкен жетістіктерге жету жолын бірге қолдайық. Шабыт пен жігерлену күні!...

Футбол

Шымкент қаласындағы «Ордабасы» футбол орталығының жастар командалары жаттығу өткізетін «Цементник» стадионында футбол алаңы жаңарды. Қазақстан футбол федерациясы «ALAÑ» бағдарламасы аясында үшінші жаңартылған футбол алаңының...

Теннис

Бүгін, 3 қаңтар Қазақстанның үздік теннисшісі, әлемнің төртінші ракеткасы Елена Рыбакина жаңа жылдағы алғашқы ресми кездесуін өткізеді. Оның Брисбенде (Австралия) WTA 500 — Brisbane...

© 2024 insports.kz