Екі дүркін Олимпиада чемпионы және «Үлкен дулыға» турнирінің 22 дүркін жеңімпазы испаниялық Рафаэль Надаль мансабын аяқтағанын ресми түрде растады.
38 жастағы теннисші сейсенбі күні «Дэвис кубогының» ширек финалында жекелей сында жеңіліп қалды. Үш кездесудің қорытындысы бойынша Испания құрамасы Нидерландыға есе жіберіп, турнирдегі жарыс жолын аяқтады. Жеңілістен кейін Рафаэль бұл оның мансабындағы соңғы матч екенін алдын ала сезінгенін мойындады.
«Жағдайдың осындай деңгейге жеткені ешкімге ұнамайды. Мен теннис ойнаудан жалықпаймын. Менің денем енді теннис ойнағысы келмейді», — деді Надаль турнирдегі қоштасу сәтінде.
Надаль трибунадағы көрермендердің, әріптестері мен қарсыластарының ду қол шапалақтауымен корттан шығып кетті.
Өзінің мансабында испаниялық спортшы ATP рейтингінде 209 апта бойы көш бастады. Жалпы, Надаль жекелей сында 92 титул жеңіп алды. Франция ашық чемпионатында 14 рет жеңіске жетті. Бұл Үлкен дулыға турниріндегі рекордтық көрсеткіш.