Әйелдер теннисі қауымдастығының нұсқасы бойынша «Жыл жұбы» сыйлығына үміткерлер белгілі болды. Мәртебелі жүлде үшін Қазақстанның бірінші ракеткасы Анна Данилина мен ресейлік Ирина Хромачева да таласуда.
Сондай-ақ тізімде келесі спортшылар бар:
Габриэла Дабровски және Эрин Рутлиф (Канада/Жаңа Зеландия);
Катерина Синякова және Тейлор Таунсенд (Чехия/АҚШ);
Сара Эррани және Жасмин Паолини (Италия);
Людмила Киченок пен Елена Остапенко (Украина/Латвия);
Cе Су-Вэй және Элизе Мертенс (Тайвань/Бельгия).
Жеңімпаздар теннис журналистерінің дауыс беруі арқылы анықталады.
Айта кетейік, аталмыш теннисшілер арасында Анна мен Ирина биылғы жылы WTA демеушілігімен өткен турнирлерде 7 титулды, соның ішінде Қытайдың Ухань қаласында өткен WTA 1000 турнирінің жеңімпазы атанды. Қазақстандық теннисші жұптық сайыста маусымды әлемдік рейтингте 22-ші орында аяқтады.