«Қайрат» АФК футзалдан Чемпиондар лигасының төрттік финалына шығуына байланысты Алматы турнирдің шешуші кезеңін өткізуге үміткерлердің бірі атанды. Бұл туралы қазақстандық клубтың президенті Қайрат Оразбеков мәлімдеді.
Қайрат Айтмолдаұлының айтуынша, соңғы жылдары УЕФА «Төрттік финалды» өткізу үшін бейтарап елдерге (яғни, финалдық кезеңге өткен клубтарға емес) басымдық беріп отыр. Дегенмен, Алматының да мұндай беделді турнир өткізуге мүмкіндігі бар.
«Элиталық раундтың басталуына бір күн қалғанда мен УЕФА комитетіне бардым. Енді олар төрттіктің екі бейтарап елде өтуіне оң көзқараста болды. Франция финалдық кезеңге таласуда. Яғни Алматы «Төрттік финалды» өткізе алады. Бірақ біз «Алматы Аренаға» қатысты мәселелерді шешуіміз керек. Өйткені онда жалға алу бір жыл бұрын жазылады. Ол жерде үлкен концерттер болса, олармен келісімге келуіміз екіталай. Әрине, УЕФА Алматының осындай турнирлерді бір емес, бірнеше рет жоғары деңгейде өткізген футзал қаласы екенін біледі. Чемпиондар лигасының төрттік финалын өткізуге фавориттердің бірі болатынымызға сенімдімін», — деді Оразбеков.
Бұған дейін Алматы Чемпиондар лигасының финалдық кезеңін үш рет 2011, 2017 және 2019 жылдары өткізген.
Естеріңізге сала кетейік, «Қайрат» Чемпиондар лигасын (бұрынғы УЕФА кубогы) екі рет – 2012/13 және 2014/15 маусымдарында жеңіп алған болатын. Сондай-ақ алматылық клуб өз тарихында оныншы рет Чемпиондар лигасының төрттік финалына шықты.