29 қарашада Астанада әлем күресі жұлдыздарының қатысуымен үшінші «Wrestling Stars» турнирі өтеді. Турнирге әлем чемпионы Ризабек Айтмұхан қатысуы мүмкін еді.
Турнир алдындағы баспасөз мәслихатында Қазақстан күрес федерациясының вице-президенті Дәурен Жабасовтың айтуынша, Ризабек Айтмұхан мен Олимпиада чемпионы, америкалық Кайл Снайдер арасында жекпе-жек өткізу жоспарланған.
«Біз Ризабекпен келісімге келдік. Ол біздің турнирде өнер көрсетуге дайын еді. Снайдер де қарсы болған жоқ. Бірақ, кейін отбасылық себептерге байланысты Снайдер келе алмайтынын хабарлады. Дегенмен біз келесі жылы міндетті түрде осыған ораламыз және 2025 жылы қалай да бұл жекпе-жекті ұйымдастыруға тырысамыз», — деді Жабасов.
Әлемдік күрес жұлдыздары қатысатын дәстүрлі турнир сегіз салмақ дәрежесі бойынша өтеді. Басты жұлдыз әлем чемпионы және Олимпиада жүлдегері Фрэнк Чамисо болады. Қазақ балуандары арасында Азия чемпиондары Азамат Дәулетбеков, Данияр Қайсанов және Санжар Досжанов, 2019 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Қорлан Жақанша, 20 жасқа дейінгі әлем чемпионы Исхар Құрбаев сынға түседі. Турнирге 23 жасқа дейінгі әлем чемпионы Начын Куулар мен қырғыз балуаны, әлем чемпионы Ұлықбек Жолдошбеков те келеді. Жекпе-жектер елордадағы Beeline Arena спорт кешенінде 29 қараша күні сағат 18:00-де басталады.