20 жастағы қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева ФИДЕ-нің бірден үш әлемдік рейтингінде бірінші орын алып, тамаша нәтижеге қол жеткізді. Асаубаева 20 жасқа дейінгі қыздар арасында әлем бойынша үздік атанды. Сонымен қатар блиц және рапид түрлері бойынша осы жас санатындағы рейтингтердің көшін бастады.
Ересектер аренасында да ол керемет нәтиже көрсетуде. Бибісара әйелдер арасында жалпы рейтингте 13-ші орынға ие болса, рапид пен блиц бойынша әлемдік элитаның қатарында — 9 және 7-ші орындарға ие болды.
Тараздың тумасы өзінің талантын әлдеқашан дәлелдеген. Ол 2019 жылы әйелдер арасындағы гроссмейстер атанды және 2021 және 2022 жылдары блиц бойынша әлем чемпионы атағын жеңіп алды. Сонымен қатар, Бибісара Қазақстан құрамасының мүшесі ретінде шахмат олимпиадасында күміс жүлдеге қол жеткізген команданың тарихи табысқа жетуіне өз үлесін қосты. Бұл ел тарихындағы ең үздік нәтиже ретінде тіркелді.