Футболдан Қазақстан құрамасы мен «Ақтөбенің» намысын қорғаған Игорь Шацкий жаңа маусымда «Шахтердың» жейдесін киетін болды. Аталған трансфер жайында қарағандылық клубтың атқарушы директоры Талғат Дүйсеков мәлімдеген еді.
«Шац — біздікі, Шац — Үйде! Бастысы, ниетің болса, тілін таба алсаң көп нәрсеге қол жеткізуге болады», — деп жазды клубтың баспасөз қызметі.
Игорь Шацкий «Шахтердің» түлегі саналады. Ең алғаш рет 2007 жылы клубтың жастар командасында дебют жасады. Кейін негізгі құрамға алынып, одан әрі «Астана», «Тобыл», «Ақтөбе» сынды командалардың намысын қорғаған. Қазақстан құрамасына 2019 жылдан бері шақыртылып жүр.
— «Мен қайтып келдім! Мұндай шешімге келген себебім, маңызды кезде «Шахтерге» қол ұшын соза алмағаным үшін өзімді кінәлі сезінемін. Енді мен клубтың Премьер-лигаға оралуына көмектесу үшін бар күшімді салуға дайынмын», — деп жазды Шацкий Instagram парақшасында.
Естеріңізге сала кетейік, «Шахтер» биыл ҚПЛ-де сәтсіз өнер көрсетіп, турнир кестесінде ең соңғы орын алды. «Кеншілер» тарихында тұңғыш рет Бірінші лигаға төмендеп отыр.