Жыл аяқталуға жақын. Спорт федерациялары есеп беріп, басшылық қызметте ауыс-түйіс жүруде.
Бүгін Алматыда Қазақстан гимнастика федерациясының есеп беру-сайлау конференциясы өтті. Оған ҰОК Бас хатшысы Әлімжан Ақаев қатысты. Шара барысында Федерацияның жылдық есебі қорытындыланып, алдағы кезеңге арналған жоспарлар мен даму стратегиялары талқыланды. Күн тәртібіндегі басты тақырып спорт ұйымының президентін сайлау болды. Конференцияға қатысушылардың бірауыздан қабылданған шешімімен Әлия Юсупова төрт жылдық мерзімге Федерацияның басшысы болып қайта сайланды.
«Алдыңғы цикл бәріміз үшін сәтті өтті. Біздің спортшылар тарихи нәтиже көрсетті. Париждегі ойындарда алғаш рет гимнастиканың үш түрінен спорттық гимнастика, көркем гимнастика және батуттан сынға түсті. Біздің спортшылар Азия ойындарында, Азия чемпионаттарында және әлем чемпионаттарында барлық сайыстар бойынша медальдар иеленіп, 2024 жылғы Олимпиадада Нариман Құрбанов елімізге тарихи «күміс» медаль әкелді.
Спорттық акробатика мен аэробика да бізді Азия құрлығы мен әлем чемпионатындағы медальдарымен қуантты. Сондай-ақ, төрешілеріміз Халықаралық гимнастика федерациясы (FIG) және Азия гимнастика одағының (AGU) комитеттеріне енді.
Қазақстандағы гимнастиканың дамуы – біздің спортпен айналысатын әрбір адамның еңбегі. Мейлі ол балалар жаттықтырушысы болсын, көшбасшы болсын, спортшы болсын, Федерация өкілі болсын.
Біз спортымыздың халықаралық аренадағы орнын нығайтып, бүкіл елдегі миллиондаған адамдарды шабыттандыратын боламыз. Сенімдеріңізге рахмет! Біз бірге жаңа белестерді бағындырып, гимнастиканы одан да танымал спорт түріне айналдыра аламыз», — деді Юсупова қайта сайланған соң.
Естеріңізге сала кетейік, Әлия Юсупова 2021 жылдан бастап Қазақстан гимнастика федерациясын басқарады.