Кездесу 19 желтоқсаннан 20 желтоқсанға қараған түні Никосияда өтті.
Конференция Лигасындағы жорығын жалғастыру үшін елордалық командаға ірі есеппен жеңіске жету қажет еді. Алайда бірінші таймда гол соғылмады. Тек 56-минутта ғана алаң иелері Анасасиос Донистің арқасында есеп ашты. 64-минутта «Астананың» литвалық қорғаушысы Кипрас Казуколовас бұрыштама добынан кейін есепті теңестірді. 65-минутта Макс Эбонг алаңнан қуылғаннан кейін «Астана» 10 ойыншымен қалды. 70-минутта қос команда сапындағы ойыншылар саны теңесті. 61-минутта алаңға шыққан Яннис Сатциас тоғыз минутта екі сары қағаз алып, алаңнан кетті.
Жалпы кезеңде «Астана» 5 ұпай жинады. Командамыз сербиялық «Бачка Тополаны» (1:0) жеңіп, португалиялық «Витория Гимарайншпен» (1:1) тең ойнады, Уэльстің «Нью-Сейнтсінен» (0:2), кипрлік «Пафостан» (0:1) және ағылшындық «Челсиден» (1:3) ұтылып қалды.
«Астана» 36 команда арасында 28-ші орын алып, плей-офф кезеңіне өте алмады. Ал АПОЭЛ 11-орынға ие болып, 1/16 финалда өнер көрсетеді. 1-8-орындар 1/8 финалға өтті, 9-24-орындар 1/16 финалда ойнайды. Жеребе тарту 20 желтоқсанда өтеді. 1/16 финалдың матчтары 13 және 20 ақпанда, 1/8 финалдық кездесулер 6 және 13 наурызда өтеді.
«Челсидің» 18 жастағы испандық шабуылшысы Марк Гиу Конференция лигасының жалпы кезеңінің үздік бомбардирі атанды. Алдымен ол армяндық «Ноаға» (8:0) гол соғып, кейін «Астанаға» дубль жасады (3:1), ирландиялық «Шемрок Роверс» командасына қарсы ойынды хет-трикпен аяқтады (5:1).