Құрлықтық хоккей лигасы (ҚХЛ) «Сібір» клубына шетелдік ойыншыларға қатысты шектеуді бұзғаны үшін төрт техникалық жеңіліс беру туралы шешім қабылдады.
Атап айтқанда, новосібірліктер мен «Барыс» арасындағы матчтардың қорытындысы қайта қаралды. 4 қыркүйекте Астанада «Сібір» овертаймда 5:4 есебімен жеңіске жетсе, 7-сі күні өз алаңында елордалықтарды 1:0 есебімен ұтты.
Сондай-ақ «Авангард» және «Автомобилист» матчтарына өтінім барысында «Шетелдік ойыншы» мәртебесіндегі хоккейшілер саны бойынша белгіленген лимиттен асып кетті және Энди Андреоф, Тейлор Бек, Федор Гордеев және Тревор Мерфи айдынға шыққан екен. Кейін белгілі болғандай, Ресей төлқұжаты бар Гордеевтің Ресей құрамасында ойнауға құқығы жоқ. Өйткені оның америкалық спорт азаматтығы бар.
Осылайша астаналықтардың қоржыны қосымша екі ұпаймен толықты. Бірақ «Сібір» «Авангардпен» және «Автомобилистпен» матчта негізгі уақытта жеңілгендіктен, барлығы төрт ұпай жоғалтты. Шешім қабылданғаннан кейін «Сібір» 51 ұпаймен плей-офф аймағынан шығып қалды. Ал «Барыс» плей-офф аймағына шығу үшін енді 7 ұпай қажет.
Қазір «Барыстың» еншісінде 44 ұпай бар. Елордалық команда Шығыс конференциясында әлі де соңғы 11-ші орында тұр. 19 қаңтарда қазақстандық хоккей клубы Астанада ЦСКА-мен кездеседі.