Свяжитесь с нами

Привет, что ты ищешь?

Бокс

Серік Cәпиев: Cпортшыларға қолдау көрсетуге міндеттімін

Серік Сәпиев – Олимпиада чемпионы, боксшы, спорт менеджері,  ел мақтанышы. Алдағы Парижде өтетін Олимпиадаға қатысатын ел құрамасының әлеуеті, отандық спортшылардың биік нәтижелер көрсетуіне қандай кедергілер бар, спортшылардың Олимпиадаға дайындауда ҰОК жүйелі жұмысы, жалпы елде спортты дамытуда қаржылай қолдау танытып жүрген отандық ірі бизнесмендер жайлы Серік Сапиев Newsroom 99 YouTube-арнасына берген сұхбатында тоқталып өтті, деп хабарлайды Inbusiness.kz.

 БОКСТАҒЫ «ҚАЗАҚ САЛМАҒЫ»

— Біраз уақыт бұрын мен журналист ретінде «қазақ боксшыларының өзгелерден артықшылығы бар ма?» деген тақырыпта материал дайындадым. Жаттықтырушылармен, физиологтармен, дәрігерлермен, боксшылармен сөйлестім. Бірі спорт әлеміндегі қарсыластарымыз сенетін жай ғана дақпырт десе, енді бірі қазақ боксшылары кезінде аттың құлағында ойнаған көшпенділердің мұрагерлері болғандықтан, шынында да бүгінде олардың боксқа қажетті физиологиялық артықшылықтары бар екенін айтты. Ал сіз қалай ойлайсыз, қазақ боксшыларының қандай да бір артықшылығы бар ма?

– Егер әлемдік деңгейдегі бокспен салыстырар болсақ, шынымен де қазақстандық боксшылардың артықшылығы бар. Мен мұны кеңестік бокс мектебінің сақталуымен байланыстырамын. Себебі, бізде жаттықтырушылар мықты болды, елдегі бокс деңгейі жоғары болды. Сондықтан жаттықтырушылардың білікті жұмысының арқасында дұрыс соққы беру, дұрыс қозғалуды бала кезімізден бастап үйренгендіктен, біздерде артықшылық бар. Егер бұл дәстүрді әлем спортымен салыстыратын болсақ, онда мұндай артықшылық бірқатар елде бар. Әрине, Африка бокстан кемшін, ал Латын Америкасы елдері кәсіби боксқа көбірек бейім. Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде жекелеген жетістіктер, Олимпиада чемпиондары болғанмен, тұрақты әрі жақсы нәтижелер көрсетіп, бокстан алға шыға қойған жоқ. Еуропа, Орталық Азия елдері, Америка бокстан жақсы жетістіктерді тұрақты түрде көрсетіп отырған елдер. Міне, бокстан шын мәнінде жоғары деңгей көрсете алатын елдер осы.

–Бокста «қазақ салмағы» деген түсінік бар. Бұл қайдан шыққан?

– Ермахан Ибрагимовтан бастайық, ол 71 келі салмақ дәрежесінде боксқа шықты. Бұл орташа салмақ болғандақтан, оның айналасына орта салмақтағы боксшылар шоғырланды, одан үйренді, кейіннен – оның өзімен бәсекеге түсті. Нәтижесінде орта салмақтағы боксшылардың деңгейі өсті. Бәлкім, осыған байланысты 69 келі деген – бұл «қазақ салмағы» деген түсінік пайда болған шығар. Айтпақшы, «69 келі» деген салмақ дәрежесі болды және бұл салмақ дәрежесі бес бірдей Олимпиада ойындарында додаға түсті. Солардың төртеуінде біз бірінші орынға ие болдық. Бізде, әсіресе орта салмақ дәрежесінде бәсекелестік жоғары. Әрине, жеңіл салмақ дәрежесінде де жетістігіміз бар, мәселен, Болат Жұмаділов тамаша өнер көрсетті. Қазір бұл үрдіс жалғасуда. Ауыр салмақтағылар да ара-тұра жақсы нәтиже көрсетті. Мысалы, Серік Өмірбековтің, Мирошниченко, Юрченко, Мұхтархан Ділдәбековтің жақсы өнер көрсеткені есімізде. Тіпті, кейбір салмақ дәрежесі бойынша біз әлемдік бокс деңгейіне де жеткен жайымыз бар. Оған қоса, бізде спортшылардың дайындық жүйесі, атап айтқанда, бастапқы дайындық дұрыс қалыптасқан. Қазақстандық бокстың жетістігінің кепілі дегеніміз – осы.

– Тек жасөспірімдер немесе бокс жанкүйерлері ғана емес, барша жұрт сізді көшеде танып жатады. Он екінші жылы алтын медальмен елге оралғанда сізді көру, суретке түсу үшін жүздеген бала «Қазмедиа» орталығының алдында жиналып,  жан-жағыңыздан қоршап алғаны есімде. Көпшіліктен боксқа деген ерекше ұмтылысты сезіндіңіз бе?

– Еліміздегі боксқа деген ұмтылысқа біздің нәтижелеріміз, қазақстандық боксшылардың жетістіктерінің әсері зор дер едім. Егер қазақстандық бокстың тарихын қарасақ, бұл – бірінші әлем чемпионы Валерий Рачков, Серік Қонақбаев, Виктор Демьяненко сынды мықтылардың жетістіктері. Мұның барлығы Кеңес Одағында басталған болатын. Әсіресе, 1980 жылы Серік Қонақбаев кеңестік бокстың серкесі болған кезде оны бүкіл әлем таныды, жақсы көрді. Кеңес Одағында ол нағыз жұлдыз атанды, барлық бала оның жанында болуды армандады. Бұл ұрпақтан ұрпаққа берілді, бокстың ел ішінде танымалдығының артуы осыған да байланысты. Сонымен қатар, кәсіби бокстағы жетістіктеріміз де еліміздегі боксқа деген ерекше қызығушылықты арттыра түсті.

— Геннадий Головкиннің матчтарын қазақстандықтар АҚШ-пен арадағы уақыт айырмашылығына қарамастан, таңғы 5-те тұрып, қарады  – бұл да көрсеткіш дер едім. Телеарналар осынау жекпе-жекті 3 миллион көрермен тамашалағанын хабарлады …

– Гена қазақстандық спортшылардың жетістіктеріне өзіндік үлесін қосты, ол әлемде өте танымал, бұл да біздің еліміздегі бокстың дамуына күшті әсер етті. Гена жеңіске қол жеткізген сайын, қаншама бала оған ұқсағысы келіп, нәтижелерге қол жеткізуді армандайды.

– Біраз уақыт бұрын сіздің спорттағы жетістіктеріңіз жайлы өмірбаяндық фильм шықты. Фильмді көрген балаларға Серік Сәпиевтің өмір жолы ұнады ма? Олар «Мен де осындай болғым келеді, мен де жаттығуға барлық күш-жігерімді жұмсаймын, спортшының жетістігін қайталауға тырысамын» деген ойға келді деп ойлайсыз ба?

– Жолым болған шығар, менің өмірбаянымның негізінде «Боксшы» фильмі түсірілді. 2012 жылы Олимпиадада жеңіске жеттім,  сол жылдың соңында спорттық кино түсіру идеясы пайда болды. Әрине, менің алдымда да Олимпиада жеңімпаздары болды, оның үстіне бокс біздің елімізде өте танымал спорт түрі. Қалай дегенмен, бокс туралы фильм түсіру туралы шешім осы жетістік, осы жеңіс аясында қабылданды. Кімді түсіреміз? Он екінші жылы жеңіске жеттік. Жұрттың барлығы Сәпиев туралы айтып жүр ғой, ендеше Сәпиевті таңдайық, оның өмірбаяны осындай деген пікір айтылды. Менің ойымша, біздің спортшыларымыздың көбісінің өмірбаяны кино түсіруге тұрарлық деп ойлаймын… Еліміздің боксшылары қауымдастығы, Бокс федерациясы, басшылар – барлығы жақсы фильм түсіруге тұрарлық деп танып, Бокс федерациясы осы фильмді түсіруді қолға алды. Осылайша жолым болып, мен туралы фильм түсірілді.

– Серік, жауабыңыздан қарапайымдылықты байқадым, десе де спорттық драма – Голливудта да, басқа елдерде де танымал жанр. Біздің басқа спортшыларымыз туралы осындай фильмдер түсірілгенін қалайсыз ба?

– Әрине, мұндай фильмдер түсірілуі керек, бұл – спортты, салауатты өмір салтын, өскелең ұрпақты дұрыс  бағыттауға септігін тигізер, жалпы елдегі дұрыс идеология дер едім.

– Енді қазір қызу талқыға түсіп жатқан тақырыпқа келсек, Токио Олимпиадасындағы бокс турнирінен кейін барлығымыз қатты уайымдадық. Бокстан алтын медальсіз елге оралғанымызды қазақтандықтар нағыз трагедияға теңеді. Орынды сын да, орынсыз сын да айтылды, популистік пікірлер де болды. Бірақ соған қарамастан, бұл сәтсіздіктің орыны Ташкентте өткен бокстан әлем чемпионатындағы керемет жетістіктен кейін толған сияқты. Қысқаша айтқанда, жеңілісте де, жеңісте де біздің құраманы қолдау, бірге болу керек деген тәмсіл дұрыс шығар?

– Мен спортшы ретінде барлық спортшыларға, сайысқа шыққан спортшыларға да, жеңілгендерге де, жеңіске жеткен спортшыларға да қолдау көрсетуге міндеттімін. Біз бір-бірімізді қолдауымыз керек. Қолдаудың қаншалықты маңызды екенін өз тәжірибемнен жақсы білемін. Өйткені жеңілістің ащы дәмін де татқанмын, жеңістің биік шыңына да шыққан адаммын. Сондықтан мен қашан да спортшыларға қолдау көрсетемін.

– Десе де, Ташкенттегі керемет жетістіктер, алған алтын медальдар Токиодағы сәтсіздікті ұмыттыра алды ма? Бокстан құрама командамыз халықтың сүйіспеншілігіне бөлене алды ма?

– Біздің бокстан ұлттық олимпиадалық құрама командамыз 2004 жылы Афина және 2008 жылы Бейжің олимпиадаларынан ғана жалғыз алтын медальмен оралды. Егер біз 2020 жылы алтын медаль жеңіп алғанда, бұл ұлттық құрама сәтсіздігінің орнын толтырар еді. Бірақ көрсеткішіміз ойлағандай бола қойған жоқ, біздің боксшыларымызға төрешілердің бағасы әділ жасалмаған сәттері де болды. Сәкен Бекбосынов алтын медаль жеңіп алуы керек еді, бірақ төрешілер басқаша шешім қабылдады. Иә, өкінішті, алтын медальсыз оралдық. Былайша айтқанда, кез келген сайыста жеңіс те, жеңіліс те болады. Токиода көрсеткішімізді төмендетіп алдық. Алдағы уақыттта біз оның орнын Париж Олимпиадасының алтын медалімен толтырамыз деп үміттенеміз. Ал Ташкентте, шынында да, біздің боксшылар Токио Олимпиадасындағы жеңілістің орнын толтырды, бүкіл залдың әнұранымызды айтқаны әлі күнге дейін есімізде. Бұл шынымен де ұмытылмас сәт болды. Төрт алтын! Қазақстандық спорт тарихындағы тамаша сәттер.

ҮЛКЕН СПОРТТАҒЫ ДЕМЕУШІЛЕР

– Ең көп талқыланған тақырыпқа оралсақ, жақында бірқатар депутат спортқа қатысты сын айтты. Бюджеттен бөлінетін қаржының ауқымы, алайда нәтижелер оған сәйкес келмейтіні жайлы айтылды. Таяқтың бір ұшы Ұлттық Олимпиада комитеті мен федерацияларға да тиді. Десе де мемлекет Ұлттық Олимпиада комитеттерінің қызметіне араласа алмайтынын жақсы түсінеміз, кезінде Үндістан осындай әрекеті үшін тіпті ойындардан шеттетілгенін білеміз. Олимпиадалық хартияға сәйкес мемлекет араласа алмайды… Қазір Олимпиада алдында мұндай мәлімдемелер, спорттан тыс тұлғалардың кейбір популистік пікірлері ұлттық құраманың дайындығына, нақты спортшыларға әсер етуі мүмкін бе? Спорт және дене шынықтыру істері комитетін басқардыңыз, қаражат  пен нәтижелерге қатысты сын-пікірлерге өзіңіз де куә болдыңыз, 2021 жылы Токио қорытындысы бойынша да осы сарында әңгімелер естідіңіз, барлығы қайталанып жатқандай сезімде емессіз бе?

— Шыны керек, кейбір депутаттардың сөздерін артық айтылған. Спортта шарықтап көтерілу де, құлдырау да болады. Мұны басшылықпен байланыстыруға болмайды. Біріншіден, мен спортты жақтаймын, Ұлттық Олимпиада комитетінің жұмысын қолдаймын, онда өзім Бас хатшының орынбасары болып жұмыс істеймін. Біздің президент тек Қазақстанда ғана емес, Халықаралық Олимпиада комитетінде де танымал тұлға. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ұлттық Олимпиада комитетінде аудит өткізіп, кемшіліктерді атап көрсетті, олардың барлығы түзетілді. Ұлттық Олимпиада комитеті мемлекеттік тапсырмаларды орындайтынын, қаражатты игеруге, жалпы осы қаражатты бөлуге және нәтижеге жауапты екенін жақсы түсінеді.

— Бірақ кейде жаңалық тақырыбында тұлғалардың есім-сойы аталып та жатады

— Әрине! Бұл, былайша айтқанда, танымал тұлғалардың айналасында, депутаттың айналасында қызу талқы туғызады, депутаттың жұмысын көрсетеді, олар бұл жұмысты көрсетуі де керек. Яғни, бұл хайптың белгілі бір түрі. Білуімше, қаржыландыруға қатысты әлемдік аудиторлық компаниялардың да тексерісі болды. Қалай дегенмен, Ұлттық Олимпиадалық комитеті Халықаралық олимпиада комитетінің еншілес ұйымы деп айтуға болады.

– Ірі бизнесмендердің өз кәсібімен қатар белгілі бір федерацияларды басқаратын дәстүр қалыптасқанын айтып өттіңіз. Мәселен, Тимур Құлыбаев, Болат Өтемұратов, ал бокс федерациясын осы аралықта Кеңес Рақышев басқарған болатын. Бұл ірі бизнесмендер, білуімше, жеке қаражаты есебінен қосымша жүлде енгізіп, спортты қолдауға қаражат бөледі. Бұл жағдайда оларды мемлекеттік бюджетті қалтасына басып алатын ашкөз капиталистер, федерацияларды табыс алу мақсатында пайдаланады деген деген сын қаншалықты орынды?

— Сіз спортты шынымен дамытуға ат салысқан тұлғаларды атап өттіңіз. Мысалы, теннис орталықтары салынды. Бүгінде әрбір облыс орталығында теннис орталығы бар. Мен Бокс федерациясында да жұмыс істедім, біз төрт «Тарлан» дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салдық. Кеңес Рақышевтың жүлделер беріп жатқанын бәріміз жаңалықтардан көріп отырмыз, спортқа алғаш келгенімде мұндай жүлделер болған жоқ…

— Жеке қаражат есебінен ғой…

— Иә, жеке өз атынан. Мен 2005 жылы ұлттық құрамада болғанда бізде мұндай үлкен жүлделер болған жоқ. Мұның барлығы Федерация басшылығы ауысқан соң, мен Олимпиаданы жеңіп алған соң  қалыптасты. Қазір үстел теннисіне көңіл бөлініп жатыр, ел Президенті үнемі үстел теннисін ойнайды. Федерация президенті спортты дамытуға көңіл бөледі, өз қаражатын салады, үстел теннисі орталықтарын ашуда.

— Тимур Турловты шахматты дамыту жайлы да мысал ретінде атасақ болады…

— Әрине! Біз бәріміз белгілі бір спорт түрін дамытатын адамдарды білеміз, жаңалықтан да оқып-көріп отырмыз. Шынында да, мұндай қодаулар құрметке лайық. Спортты дамытумен айналысатын және өз қаражатын салатын адамдарға қолдау көрсетуіміз керек. Мәселе федерацияны өз мақсатына пайдаланып, оған қаражат салмайтындарда, тиісінше, нәтиже де жоқ. Мұндай федерациялар өз  ішінде президенттік мәселені қоюы керек.

– Яғни, ірі бизнесменнің спортқа келіп, инвестиция салып, қаржы іздепқандай да бір жобаларды жүзеге асырғаны құптарлық қой?! Бұл тәжірибе қаншалықты тиімді?

— Спортты дамытуға мемлекеттік қаражат міндетті түрде қажет. Олимпиадалық спорт түрлерін дамыту керек, спортты дамытуға қаражат салу керек. Демеушілердің бәріне бірдей шамасы келмейді, спортты дамытумен мемлекет айналысуы керек. Біріншіден, бұқаралық спорт — бұл ұлттың денсаулығы, бұқаралық спорттан кәсіби спортқа ауысу перспективасы. Сондықтан, мемлекет спортшыларды қолдап, Олимпиада ойындарында, Әлем чемпионаттарында жеңіске жеткені үшін жүлделер бергені дұрыс деп санаймын. 100 АЕК стипендиясы Олимпиада чемпиондарына, Олимпиада чемпиондарын тәрбиелеген жаттықтырушыларға беріледі — бұл дұрыс, бұл қажет, өйткені адамдар спортқа барады, олар елдіі атын әлемге танытады, салауатты өмір салтымен айналысады. Олар жалпы идеологияға әсер етеді, сондықтан қаражат салып, чемпиондарымызды өсіруіміз қажет.

– Көптеген елде олимпиадалық медаль иегерлеріне міндетті төлемдер жоқ. Мәселен, американдық спортшыларда демеушілік қомақты контракттар барБіз де, нарық та әлі ондай деңгейге жеткен жоқ шығармыз, спорттағы демеушілер де көп емес. Мемелекеттің төлеміне қарайламай, 3 млн доллар демеушілік контарктты иелену жақсы тәжірибе ғой?!

— Олай болатын болса, чемпиондарымызды медиа жағынан жұлдыздар деңгейіне шығаруымыз керек. Демеушілердің өздері келіп, «Біздің өнімді жарнамалағаныңызды қалаймыз» дейтін деңгейге өсіруіміз керек. Мысалы, спорт дүкендерінде Роналду, Месси және басқа да спорт жұлдыздарының палататарын іліп қоймай, олардың орнына отандық спортшыларымызды шығаруымыз керек. Насихатты да, танымалдылығын арттыруға да, пиарға да көп көңіл бөлуіміз керек. Сол жағдайда қоғамда танымал тұлғаға айналып, сәйкесінше демеушілердің өздері оларға ұсыныс жасайды, неге солай жасамасқа?!

СПОРТТАҒЫ ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС

Олимпиада ойындарында жеңіске жеткен Дмитрий Баландинді мысалға алайық. Басшылық тарапынан үлкен жұмыс атқарылды, алдын-ала жақсы мамандар, жаттықтырушылар берді, тіпті дайындық барысында бірден жүзу техникасын түзету үшін су астында түсіретін камераға дейін қамтамасыз етілді. Бұл балалар мен жасөспірімдер спортында емес, спортшының деңгейі өскен кезде жасалған кәсіби спорттағы жүйелі жұмыс. Нәтижесінде жеңіске жетті, бұл — федерацияның да арқарған жұмысы.

— Демек, спортшының биікті бағындырғанын көреміз, ал оның артында спортшының да, жаттықтырушылар штабынының да дұрыс шешім қабылдап, қажетті жағдай жасаған спорт шенеуніктерінің де қыруар жұмысы тұр ғой?  

— Спорттағы функционерлердің еңбегі байқала бермейді, олардың жұмысы көрінбейді және кейде өз жұмыстарын ашық көрсеткісі келмейді. Мысалы, біздің дәрігерлердің қызметі, қалпына келтіру процесі, мұның барлығы артқарылып жатқан жұмыс. Әр жекпе-жектен кейін, оқу-жаттығу процесі кезінде менен қан сынамасын алып, жағдайымды қадағалап отырды, тіпті маған бұл туралы айтпайды. Бірақ жаттықтырушылардың өздері жаттығу немесе жарыс процестерін реттеп отырды. Мен тек спортшымын,  л бокс федерациясы, жаттықтырушым, дәрігерлер, бүкіл команда мені жарысқа дайындады. Тамақтануымды, қалай қалпыма келетінімді, қайда баратынымды толық бақылап отырды. Спортшыларды былайша айтқанда, кез-келген басшылық қызметте тәжірибесі жоқ жасөспірімдермен салыстырамын. Жұмыс тәжірибесі жоқ, бірақ олар өздерінің спортқа қатысты істерін жақсы біледі. Сондықтан маған өзгеру қиын болды, бірақ қолдаудың арқасында бокс федерациясына жұмысқа келдім. Мұның бәрі жүре білінетін нәрселер, әлі де үйрену керек, өйткені спортшыларға спорттық қызметтен функционер лауазымына ауысу өте қиын. Біз жасөспірімдер сияқты ештеңе білмейміз, содан кейін бізді мүлде басқа әлемге кіргізіп жіберді, басшылық ет дейді, ал сенде тәжірибе жоқ. Менің ойымша, спортшыларды менеджер мәртебесіне біртіндеп енгізу керек.

— Яғни, оларды басқаруға, өкілдік функцияларды орындауға, мәселелерді шешуге тарту керек пе?

– Біз боксқа ештеңе білмей келдік, бірақ 5 жылдан кейін үйрендік. Менеджер лауазымында да солай, басында тәжірибеңіз аз, барынша әріптестеріңіз сізді үйретеді. Менің жолым болғыш. Бокс федерациясында әріптестер тарапынан қолдау  болды, «Болашақ» бағдарламасы арқылы Ұлыбританияға оқуға бардым. Біртіндеп тәжірибе жинадым десем де болады. Парламент Мәжілісінде де, мемлекеттік қызметте де жеткілікті жұмыс істедім. Яғни тәжірибе бар, бұл ісіме өте қуаныштымын, өйткені  ешқашан істемеген жұмысқа тап болдым. Қиын болды, бірақ біртіндеп тәжірибе жиналды.

 Геннадий Геннадьевич Головкин Қазақстанның Ұлттық олимпиада комитетінің басшысы болса, сіз қалай қарайсыз?

— Президенттік лауазым — сайланбалы қызмет. Егер әріптестер сайлап, қолдаса жалпы Ұлттық Олимпиада комитеті қолдайтын болса, менің ойымша, бұл жұмысты алып кетеді деген ойдамын. Десе де ол үшін қолдау қажет.

– Алтын медаль алсаң, «чемпионсың» деп бағалап, ал күміс пен қола медальдерді басқаша бағалап жататын үрдіс кейде байқалып қалады. Қарап отырсақ, әр медальге жету жолындағы күрес те, салынатын күш-жігер де бірдей …

 Жалпы әлемде мұндай үрдіс бар деп айтуға болады. Мысалы, біз бәріміз футболдан әлем чемпиондарын білеміз, ал енді олар финалда кіммен ойнағанын бәрі бірдей есте сақтай бермейді. Бірақ әлем чемпионы атағы, Олимпиада чемпионы атағы әрқашан есте қалады. Спортшының еңбегінің қаншалықты ауыр екенін нағыз спортшылар, нағыз спорт әуесқойлары жақсы түсінеді. Сондықтан олар күміс медальді де, қола медальды да бағалайды.

— «Спорт  бұл эмоция» деген маркетологтар қолданатын ұғым бар. Спортшылардың жеңісі қуанышқа бөлейді, адамдар әнұранды, өз спортшымен бірге орындап жатады… Елде жанкүйерлік мәдениетінің өзгергені байқалады ма?

— Менің ойымша, әлеуметтік желілердің арқасында жанкүйерлерлік мәдениет өзгерді. Ұлттық құраманың ойындарында стадион жанкүйерге толы. Яғни, жеткен әр жеңіс жанкүйерлер мәдениетін де қалыптастырады. Спортта жанкүйерді ынталандыратын күш -спортшылардың жеңісі. Мәселен, «Барысқа» халық көп жиналатын. Дания құрамасымен болған ойындағы жеңісте сезімін сөзбен жеткізу мүмкін емес. Бұл шын мәнінде, жанкүйерлерге шексіз эмоция береді, мақтаныш сезімін оятып, ұлттық құрамаға қолдау көрсетіп, жеңіске куәгер болғаны жанкүйерлерді ерекше сезімге бөлейді. Команда емес, біз жеңдік, Қазақстан жеңді! Бұл оқиғаға, жеңіске жету сәтінің куәгері болу сезімінің қоғамға да жағымды әсері мол. Мәселен, Мэнни Пакьяо бокстан сайысқа шыққан сәтте Филиппинде қылмыс көрсеткіші бір сағатқа тынған, мүмкін бұдан кейін елде қылмыс болмаған да шығар. Бұл көп нәрсені білдіреді, демек, спорттағы жеткен жеңістің  елдің дамуына жағымды әлеуметтік әсері бар.

– Серік, танымал спорттық аяқ киім өндірушісінің «Мүмкін еместің бәрі мүмкін» деген жарнама ұраны есіңізде шығар. Бұл ұранның шығу тарихын білесіз бе? Бұл Мұхаммед Әлидің нақыл сөзі екен. Осыған қосарыңыз бар ма?

— Бұл спорт үшін, спортшыны ынталандыруға қажетті таптырмас  жігерлендіретін сөздер. Екі спортшы бір-біріне қарсы шыққанда, олардың әрқайсысының психологиясына әсер ететін объективті факторлар болады. Біреуі екіншісінен екі рет ұтылған болуы мүмкін, бірақ бұл нақыл сөз спортшыны өз мүмкіндігін барынша пайдалануға итермелейді. Тек спортта ғана емес, жалпы өмірде солай.

–10 жылдан кейін «Бұл — Серік Сапиевтің айтқан сөзі» деп нақыл сөз тарауы үшін қандай сөз айтар едіңіз, бәлкім қандай да бір оймен бөлісерсіз?

— Қол жеткізгіңіз келген нәрсеге қашан да лайық болуың керек.

Нажмите, чтобы прокомментировать

Оставить ответ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вам также может понравиться

Футбол

«Реал» шабуылшысы Винисиус Джуниордың «Алтын допты» алатыны туралы ақпарат пайда болды. Marca басылымының хабарлауынша, бразилиялық 28 қазанда Париждегі «Шатле» театрында өтетін салтанатты шарада 2023/24...

Су спорты

Muhit жыл сайынғы ең ауқымды су полосынан балалар фестивалі! Мерекені жіберіп алмаңыз! Жас таланттардың үлкен жетістіктерге жету жолын бірге қолдайық. Шабыт пен жігерлену күні!...

Футбол

Шымкент қаласындағы «Ордабасы» футбол орталығының жастар командалары жаттығу өткізетін «Цементник» стадионында футбол алаңы жаңарды. Қазақстан футбол федерациясы «ALAÑ» бағдарламасы аясында үшінші жаңартылған футбол алаңының...

Теннис

Бүгін, 3 қаңтар Қазақстанның үздік теннисшісі, әлемнің төртінші ракеткасы Елена Рыбакина жаңа жылдағы алғашқы ресми кездесуін өткізеді. Оның Брисбенде (Австралия) WTA 500 — Brisbane...

© 2024 insports.kz