Шымкент қаласындағы «Ордабасы» футбол орталығының жастар командалары жаттығу өткізетін «Цементник» стадионында футбол алаңы жаңарды.
Қазақстан футбол федерациясы «ALAÑ» бағдарламасы аясында үшінші жаңартылған футбол алаңының тұсауын кесті. 2023 жылдың шілде айында ҚФФ бұқаралық спортты дамытуға бағытталған Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында «ALAÑ» атты елімізде футбол алаңдарын қайта жаңарту бағдарламасын енгізді. 3 жылға арналған бағдарлама УЕФА-ның қолдауымен жүзеге асырылады. Жобаның басты мақсаты – республикадағы спорт инфрақұрылымын дамытып, бұқаралық футболды дамытуға жағдай жасау.
Жалпы, «ALAÑ» бағдарламасы аясында елімізде 20 футбол алаңдары қайта жаңартылады. Осыған дейін, жаңа алаңдар Ақтөбе қаласындағы №2 БЖСМ аумағы мен Жетісу облысының Балпық би ауылындағы Оңғаров атындағы стадионында пайдалануға берілген болатын.
«Бұқаралық футбол үшін қолайлы жағдай жасау біздің Қазақстан футболын дамыту стратегиямызда көрсетілген. Осы ретте, бүгін кезекті футбол алаңының тұсауын кестік. «ALAÑ» бағдарламасы тоқтамайды, алға қойған мақсаттарымыз көп. Жаңа футбол алаңдарын ауылдарда да саламыз. Спорттық инфрақұрылымды жақсарту футболдың дамуына серпін беретініне сенімдіміз», – деді ҚФФ президенті Әділет Барменқұлов.
Айта кетсек, ашылу салтанатынан бөлек, ұлттық құраманың бас бапкері Магомед Адиев жас футболшыларға ашық жаттығу өткізіп, Шымкент тұрғындарын «Ордабасы» клубының Қазақстан чемпионатында жеңіске жетуімен құттықтады.