Алматыда қазақстандық шахматшылар үшін 26-шы жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты үлкен жеңіспен аяқталды. Олар Қытай, Үндістан, Иран, Ресей (ФИДЕ туының астында) және басқа да шахмат саласындағы жетекші елдердің ең үздік жасөспірімдерімен бәсекелес бола отырып, 25 медаль жеңіп алды, оның 12-сі алтын. 2024 жылғы 10-20 маусым аралығында Балуан Шолақ атындағы Алматы спорт сарайының бас аренасында өткен чемпионатқа 7-18 жас аралығындағы 33 елден 650-ге жуық спортшы қатысты. Бұл – Қазақстан қабылдайтын халықаралық деңгейдегі шахмат іс-шарасына қатысушылар саны бойынша рекордтық көрсеткіш. Жас шахматшылар уақыттың барлық бақылауында – классикада, рапидте және блицте бақ сынасты.
Азия чемпионатының жабылу салтанатында шахматтан 20 жасқа дейінгі жаңа әлем чемпионы Қазыбек Нөгербекке құрмет көрсетілді. KazСhess президенті Тимур Турлов чемпионға электокар кілтін табыстап, қазақстандық шахматтың даму тарихындағы жаңа бетті ашқан үлкен жеңісімен құттықтады. Бұндай қадам Қазақстандағы аталмыш спортын дамытуға үлес қосқаны үшін берілді.
Естеріңізге сала кетейік, 20 жасар Қазыбек Нөгербек 2024 жылғы жасөспірімдер арасындағы 2024 жылғы әлем чемпионатында (FIDE World Junior (Open & Girls) Chess Championships 2024) бірінші болып, 2024 жылғы әлем чемпионы атанды. Чемпионат 2-13 маусым аралығында Үндістанның Гандинагар қаласында өткен болатын. Әлем біріншілігінде 123 қатысушы, оның ішінде 13 гроссмейстер және 28 халықаралық шеберлер бақ сынады.
Мұндай жетістікке үш шахматшымыз ғана жетті – Дәрмен Сәдуақасов (1998 ж.), Динара Сәдуақасова (2016) және Жансая Әбдімәлік (2017). Айта кетейік, 2022 жылғы 18 жасқа дейінгі әлем чемпионатының күміс жүлдегері Индиядағы жекпе-жекке шыққанда, ресми түрде халықаралық шебер болып саналған. Дегенмен, турнир барысында ФИДЕ Президенттік кеңесінің кезекті отырысында оның гроссмейстер атағы бекітілгені белгілі болды.