«Қайрат» футзалдан Чемпиондар лигасының элиталық раундының топтық кезеңінде екінші жеңісіне қол жеткізді. Бұл жолы алматылықтар Хорватияның «Олмиссум» клубын 1:0 есебімен ұтты. Шешуші голды 26-минутта Эдсон соқты. Хорваттар кездесу соңына таман қақпашыны бесінші ойыншыға ауыстырып, қазақстандықтарға қысым жасады. Қуанышқа орай, алматылық команданың қорғанысы алынбайтын тас қамалдай болды.
В тобындағы ойындар Хорватияның Загреб қаласында өтуде. Алғашқы ойында «Қайрат» командасы Францияның «Этуаль» командасын ұтты (4:2). Алматылық ұжым келесі ойынын 1 желтоқсанға қараған түні Загребтің «Динамосына» қарсы өткізеді. Элиталық раунд топтарының жеңімпаздары 1,2 және 3,4 мамырда өтетін финалдық кезеңге («Төрттік финал») жолдама алады.
«Қайрат» 2012/13 және 2014/15 маусымдарында Чемпиондар лигасының чемпионы атанды. «Олмиссум» бес маусымда төртінші рет үздік 16-команда қатарына жетті. «Динамо» элиталық раундқа алғаш рет қатысып отыр.
Айта кетейік, бұл кезеңде Қазақстанның атынан бұған дейін өзінің алғашқы әрі ірі жеңісіне қол жеткізген «Семей» де өнер көрсетуде.