Ауыр атлетикадан Манамада (Бахрейн) өтіп жатқан әлем чемпионатында зілтеміршіміз 96 келіге дейінгі салмақта алтын медаль жеңіп алды. Қазақстандық спортшы жалпы есепте 388 (174+214) келіні бағындырды. Бұл нәтиже әлем чемпионатын бірінші орынмен аяқтауға жеткілікті болды. Реваз Давитадзе (Грузия) екінші орынға ие болса (387, 177+210), 387 (173+214) келімен ирандық Али Алипур үздік үштікті түйіндеді.
Айта кетейік, 2023 жылы Нұрғиса Әділетұлы допинг дауына іліккен болатын. 17 қарашада Нұрғисаның допинг дауына байланысты 18 айлық дисквалификация мерзімі аяқталды.
2023 жылдың маусым айында Әділетұлы Қазақстан құрамасының тағы тоғыз ауыр атлетімен бірге допинг сынамасынан оң нәтиже берді – ол Азия чемпионатында ұсталды. Осы жанжалдан кейін бас хатшы федерациядан кетті.
Нұрғисаның сынамасында SARMS S-23 және метилгексанаминді (герань сығындысы) тапты — екі дәрі де майды ыдыратуға көмектеседі. Бұл оқиға зілтеміршінің мансабындағы соңғы нүкте болған жоқ, тек әлемдік деңгейде қайта оралу және үздік болу үшін абыроймен өткен сынақ болды. 19 қарашада, яғни дисквалификация аяқталғаннан кейін екі күннен соң Әділетұлы Қазақстан чемпионатында жеңіске жетті.
Әділетұлы сияқты 2024 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған Алексей Чуркин допинг үшін дисквалификациядан кейін өнер көрсетті. Оның сынамасынан SARMS S-23 табылып, 16 айға жарыстардан шеттетілген болатын.