Қазақстандық теннисші Франциядағы беделді J300 турнирінің финалында өнер көрсетеді

Турнирде 18 жастағы Даниэль Тазабеков жұптық сында өнер көрсетуде.

Қазақстандық теннисші Франциядағы беделді J300 турнирінің финалында өнер көрсетеді жеке парақшасынан

18 жастағы Даниэль Тазабеков Францияның Больё-сюр-Мер қаласында өтіп жатқан ITF World Tennis Tour Juniors сериясының J300 санатындағы турнирінің жұптық финалына жолдама алды.

Жартылай финалда ол жапониялық Такамаса Кавагучимен бірге француз жұбы Марк Доменик / Дени Жаде командасын 6:2, 6:3 есебімен жеңді. Матч барысында Тазабеков пен Кавагучи ойын тізгінін толық өз қолына алып, сенімді жеңіске жетті. Енді олар финалда Ричард Лакис / Савва Рыбкин жұбымен бас жүлде үшін ойнайды.

Теннисшіміз жекелей сында да өнер көрсетті. Даниэль алғашқы айналымда корт қожайыны Матиз Мартиннен 3:6, 4;6 есебімен жеңіліп қалды. 

Айта кетейік, ITF Junior J300 Beaulieu-sur-Mer 2026  жас теннисшілер арасындағы ең беделді халықаралық жарыстардың бірі. Турнир 2026 жылдың 13-18 сәуір аралығында Францияның Больё-сюр-Мер қаласында, Tennis Club de Beaulieu-sur-Mer корттарында өтуде. Биыл жарысқа жекелей сында 32 теннисші қатысса, жұптық сында 16 жұп өнер көрсетуде. 
J300 санаты - ITF Junior турнирлер жүйесіндегі ең жоғары деңгейлердің бірі. Бұл категориядан жоғары тек Junior Grand Slam жарыстары ғана бар. Сондықтан мұнда 18 жасқа дейінгі әлемнің үздік теннисшілері жиналады. Мұнда өнер көрсету үлкен халықаралық тәжірибе және кәсіби деңгейге жол ашатын мүмкіндік.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу