Қазақстандық үстел теннисінің шеберлері Чехияда өткен турнирде бақ сынады
Қазақстандық спортшылар алғашқы кезеңде қарсыластарына есе жіберді.
ttfrk.kz
13-17 сәуір аралығында Чехияның Гавиржов қаласында үстел теннисінен халықаралық WTT Feeder Havirov турнирі өтті.
Байрақты додаға қазақстандық спортшылармен қатар Аустралия, Англия, Бразилия, Германия, Қытайдың Гонконг аймағы, Испания, Үндістан, Италия, Корея, Түркия, Қытайдың Тайбэйі, Словения, Словакия, АҚШ, Польша, Португалия, Молдова, Монако, Мальта, Франция, Уэльс, Чехия, Чили, Швеция және Жапония елдерінен үстел теннисінің шеберлері қатысып, жекелей, жұптық және аралас санаттарда жүлделер сарапқа салынды. Жарыстың жүлде қоры 30000 АҚШ долларын құрады.
Аталған жарыста Қазақстан намысын Искендер Харки мен Сарвиноз Миркадирова қорғады.
Жекелей сында Искендер Харки перулік Фелипе Дюффуға қарсы ойнап, 1:3 есебімен жеңіліс тапты. Ал Сарвиноз Миркадирова кореялық Чхве Хаынмен кездесіп, 0:3 нәтижесімен жарысты аяқтады.
Аралас жұптық бәсекеде қазақстандық дуэт Искендер Харки/Сарвиноз Миркадирова Словакия өкілдері Любомир Пистей/Татьяна Кукулкова жұбымен ойнап, 0:3 есебімен есе жіберді.