Әділет Алмат дзюдодан Азия чемпионы атанды
Ордоста дзюдодан өтіп жатқан сары құрлық бәсекесінде бүгін ел қоржынына 1 алтын, екі қола медаль түсті.
ашық дереккөз
Қытайдың Ордос қаласында өтіп жатқан дзюдодан Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы сәтті өнер көрсетуде.
81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Әділет Алмат финалда Тәжікстан спортшысы Сомон Махмадбековті жеңіп, мансабында алғаш рет Азия чемпионы атанды.
Айта кетейік, Әділет наурыз айының басында Аустрияның Линц қаласында өткен Гран-при турниріндеде алтын жүлде жеңіп алған болатын.
Сонымен қатар, ел қоржынына тағы екі қола медаль түсті. 81 келіге дейінгі салмақта Абылайхан Жұбаназар жұбаныш белдесуінде БАӘ өкілі Гаджимурад Омаровтан басым түсіп, үздік үштікке енді. Ол бұған дейін Ханчжоуда өткен Азия ойындарында да қола жүлде алған болатын.
Ал, әйелдер арасында Эсмигүл Куюлова (-63 кг) қола жүлде үшін өткен белдесуде тайбэйлік Ян Пей-Чунды жеңді. Қарсыласы жарақатына байланысты кездесуді жалғастыра алмады.