«Атырау» футбол клубы жекеменшікке өтті

Жоба құны шамамен 1 миллиард теңгені құрайды.

«Атырау» футбол клубы жекеменшікке өтті Рахим Койлыбаев

Ел футболында маңызды бетбұрыс жасалды. «Атырау» ФК ресми түрде коммерциялық басқару моделіне өтті. Клубты жекешелендіру процесі аяқталып, инвестормен меморандумға қол қойылды. 

Ашық конкурс нәтижесінде жеңімпаз атанған кәсіпкер Болат Қонарбай енді клубтың жаңа иесі ретінде оның дамуына жауапты болады. Ол мұнай өндіру, теміржол тасымалы және логистика салаларында табысты жобаларымен танымал. 

Жаңа инвестор Болат Қонарбай өз сөзінде «Атырау» клубы тек бизнес жоба емес, үлкен әлеуметтік жауапкершілік екенін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, клубтың дамуы үш негізгі бағытқа негізделеді - заманауи инфрақұрылым қалыптастыру, жас футболшыларды тәрбиелеу және жанкүйерлермен тығыз байланыс орнату.

Коммерцияландыру - тек қаржылық өзгеріс емес, бұл басқарудың жаңа философиясы. Мұндай модель әлемдік футбол тәжірибесінде өзін дәлелдеген. Енді «Атырау» клубы да осы жолмен жүріп, Қазақстан чемпионаты мен кубогында жоғары нәтижелерге қол жеткізуді мақсат етеді.

Бұл бастама қазақстандық футболды жаңа деңгейге көтеруге бағытталған нақты қадам. Егер жоспарланған стратегия толық жүзеге асса, «Атырау» алдағы жылдары еліміздегі бәсекеге қабілетті клубтардың біріне айналады. 

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу