Айдар Арапов пен Аруна Жангельдина дзюдодан Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды

Сары құрлық бәсекесінде әзірге спортшыларымыз 1 алтын, 4 қола медаль иеленді.

Айдар Арапов пен Аруна Жангельдина дзюдодан Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды IJF

Қытайдың Ордос қаласында 16-18 сәуір аралығында дзюдодан ерлер мен әйелдер арасындағы Азия чемпионаты өтуде. 

Бүгін жарыстың соңғы күні отандасымыз Айдар Арапов қола медаль иеленді. -90 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен қазақстандық балуан жүлде жолында сенімді өнер көрсетті. Жұбаныш кезеңі арқылы қола медаль үшін белдесуге мүмкіндік алған Арапов шешуші кездесуде Қырғызстан спортшысы Эрлан Шеровты тізе бүктірді. 

Ал, әйелдер арасында Аруна Жангельдина (-78 кг) қола медаль үшін белдесуде тайбэйлік Чье-Хси Ванды «голден скорда» жеңді.

Айта кетейік, қазіргі таңда ел қоржынында 1 алтын, 4 қола медаль бар. Бұған дейін Әділет Алмат алтын медаль, Абылайхан Жұбаназар мен Эсмигүл Куюлова қола медаль иеленген болатын. 

Жалпы, бұл құрлықтық додаға Қазақстан құрамасы атынан 18 спортшы қатысуда. Биылғы Азия чемпионаты жоғары деңгейде өтуде. Жарысқа 19 елден 197 дзюдошы жиналып, татамиде өзара мықтыны анықтауда.

Сондай-ақ бүгін Нұрлыхан Шархан, Аида Тойшыбекова қола медальға таласатын болады. 

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу