Хоккейден Қазақстан әйелдер құрамасы Ұлыбританиямен кездеседі
Құрамамыз жоғары дивизионға шығу үшін барын салуда.
icehockey
12-18 сәуір аралығында Испанияда IB дивизионы бойынша әйелдер арасындағы әлем чемпионаты өтуде. Қазақстанның әйелдер ұлттық құрамасы жоғары дивизионға шығу үшін Латвия, Нидерланды, Оңтүстік Корея, Испания және Ұлыбритания құрамаларымен бақ сынауда.
Хоккейшілеріміз бүгін, 18 сәуір күні сағат 19:30-да маңызды ойын өткізеді. Қарсылас - Ұлыбритания құрамасы.
Отандастарымыз турнир барысында тартысты ойын өрнегін көрсетіп келеді. Соңғы кездесуде Қазақстан құрамасы Оңтүстік Кореяны 4:3 есебімен жеңіп, жанкүйерлерін қуантты. Бұл матчта София Муравьева есеп ашса, Александра Шегай дубль жасап, шешуші сәтте Пернеш Ашимова жеңіс шайбасын соқты.
Қазақстан құрамасы бұған дейін Испанияны 3:2 есебімен тізе бүктірді. Ал, Латвиямен өткен ойында буллит сериясында 2:3 есебімен қарсыласқа жол берсе, Нидерланды құрамасынан 0:3 есебімен жеңілді.
Бүгінгі матч турнир тағдырына тікелей әсер ететін маңызды кездесулердің бірі болмақ. Жанкүйерлер Қазақстан құрамасынан тағы бір жарқын ойын мен жеңіс күтеді.