Қазақстан құрамасы - дзюдодан Азия чемпионатының күміс жүлдегері
Бүгін Ордоста дзюдодан Азия чемпионаты мәресіне жетті.
Judo team
Қазақстан ұлттық құрамасы Қытайдың Ордос қаласында өткен дзюдодан Азия чемпионатында аралас командалық сайыста күміс медаль жеңіп алды. Финалдық белдесуде отандастарымыз Моңғолия құрамасына есе жіберді. Үздік үштікті Қырғызстан мен Корея құрамалары түйіндеді.
Қазақстан құрамасы сапында Дана Әбдірова (-57 кг), Ажар Асхат (-70 кг), Аида Тойшыбекова (+70 кг), Ануар Жұмагелдин (-73 кг), Айдар Арапов (-90 кг) және Ғалымжан Қырықбай (+90 кг) өнер көрсетті.
Айта кетейік, бұған дейін жекелей сайыстар қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 1 алтын, 4 қола медаль жеңіп алған болатын.
Жалпы, бұл құрлықтық додаға Қазақстан құрамасы атынан 18 спортшы қатысты. Жарыста 19 елден 197 дзюдошы сынға түсті.