Елена Рыбакина Stuttgart open турнирінің чемпионы атанды
Чемпиондыққа қол жеткізген Елена 500 рейтингтік ұпай, 160 мың еуро сыйақы және дәстүрлі түрде табысталатын жаңа Porsche 911 Carrera S автокөлігін иеленді.
persono
Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Германияның Штутгарт қаласында өткен WTA 500 Stuttgart open турнирінің чемпионы атанды. Финалда отандасымыз чехиялық Каролина Мухованы жеңіп, матчты екі сетте 7:5, 6:1 есебімен өз пайдасына аяқтады.
Алғашқы сетте тартыс жоғары деңгейде өтті. Мухова лайықты қарсылық көрсеткенімен, шешуші сәттерде Рыбакина салқынқанды ойын үлгісін танытып, есепті өз пайдасына шешті. Ал екінші сетте қазақстандық теннисші толық үстемдік құрды.
Турнир барысында Рыбакина бірқатар мықты қарсыластарды жарыс жолынан тайдырды. Атап айтқанда, ресейлік Диана Шнайдер, канадалық Лейла Фернандес және тағы бір жас жұлдыз Мирра Андреева сияқты теннисшілерді жеңіп, чемпиондыққа лайық екенін дәлелдеді.
Бұл Рыбакинаның 2026 жылғы екінші титулы. Бұған дейін ол маусымды жарқын бастап, Australian Open турнирінде жеңіске жетті. Сонымен қатар, Елена Штутгарттағы дәл осы жарыста 2024 жылы топ жарған болатын.