Хоккейден Қазақстан жастар құрамасы Польшаны ойсырата жеңді
Хоккейшілеріміз Польша қақпасына 10 шайба салды.
icehockey
Қазақстан жастар құрамасы (U-18) әлем чемпионатының IА дивизионында екінші кездесуін сенімді жеңіспен аяқтады. Турнир қожайыны Польша құрамасына қарсы өткен матчта қазақстандықтар айқын басымдық танытып, 10:2 есебімен ірі жеңіске жетті.
Кездесу қазақстандықтар үшін сәтсіз басталды. Айдын иелері 3-минутта-ақ есеп ашты. Алайда бұдан кейін ойын тізгінін толықтай өз қолына алған біздің хоккейшілерден Егор Ким мен Егор Кравченко қысқа уақыт ішінде екі шайба соғып, есепті өзгертіп жіберді.
Екінші кезеңде ойын біршама тең өрбіді. Екі команда да бір-бірден шайба алмасқанымен, жалпы Қазақстан құрамасының пайдасына шешілді.
Шешуші үшінші кезеңде отандастарымыз қарсыласқа еш мүмкіндік қалдырмады. Қазақстандық жастар жеті бірдей жауапсыз шайба соғып, матчты нағыз шоуға айналдырды.
Осылайша, Қазақстан құрамасы қатарынан екінші жеңісіне қол жеткізіп, турнир кестесінде 6 ұпаймен Швейцария құрамасымен бірге көш бастады.
Енді Қазақстан жастар құрамасы келесі кездесуін 21 сәуір күні 19:00-де Украина құрамасына қарсы өткізеді. Ал, алдағы матчтарда 23-сәуір 15:30-да Швейцария және 24-сәуір 15:30-да Словения командаларына қарсы ойындар күтіп тұр.