Елена Рыбакина WTA чемпиондық жарысында көш бастады

WTA чемпиондық жарысына қатысу үшін теннисшілер жыл бойы арнайы рейтинг ұпай жинайды.

Елена Рыбакина WTA чемпиондық жарысында көш бастады Jimmie48

Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина WTA чемпиондық жарысында бірінші орынға көтеріліп, маусымның көшбасшысына айналды. Бұл жетістікке ол Штутгарт қаласында өткен WTA 500 турниріндегі жарқын жеңісінің арқасында қол жеткізді. 

Аталған турнирде топ жарған қазақстандық теннисші ұпай қорын едәуір толықтырып, рейтингтің  бірінші сатысында тұрған Арина Соболенконы (3800 ұпай) екінші орынға ығыстырды. Қазіргі таңда Рыбакинаның еншісінде 3983 ұпай бар.

Чемпиондық жарыстың үздік сегіздігі қатарында америкалық Джессика Пегула 2905 ұпаймен үшінші орында тұр. Төртінші сатыға 2450 ұпай жинаған украиналық Элина Свитолина жайғасқан. Бестікте чехиялық Каролина Мухова бар - 2270 ұпай. Алтыншы орында ресейлік жас теннисші Мирра Андреева 2063 ұпаймен орналасса, жетінші сатыда канадалық Виктория Мбоко 1927 ұпаймен тұр. Үздік сегіздікті 1803 ұпай жинаған америкалық Кори Гауфф түйіндейді.

WTA Finals турнирі - әйелдер теннисіндегі ең беделді жарыстардың бірі. Бұл додада маусым бойы үздік нәтиже көрсеткен әлемнің ең мықты сегіз теннисшісі бас қосады.

Биылғы турнир 7-14 қараша аралығында Эр-Рияд қаласында өтеді. Жарыс жабық кешенде ұйымдастырылады және ол WTA маусымының ресми қорытындысы саналады. Бұл «Үлкен дулыға» жарыстарынан кейінгі ең маңызды дода. Жеңімпаз қомақты сыйақымен қатар 1500-ге дейін рейтингтік ұпай еншілеп, маусымды тамаша нотада аяқтайды.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу