Үздіктер бас қосатын бәсеке: Бүгін Бразилияда әлем кубогы басталады
Бразилия өз тарихында екінші мәрте бокстан әлем кубогының кезеңін ұйымдастырмақ.
ҚР ҰОК
Бокстан 2026 жылғы әлем кубогының алғашқы кезеңі Бразилияның Фос-ду-Игуасу қаласында өтеді. Беделді додаға 50-ден астам елден 400-ге жуық боксшы қатысады.
Қазақстан құрамасы бұл турнирге 16 спортшымен аттанды. Ерлер құрамасын Нұржан Насанов, ал әйелдер құрамасын Елдос Сайдалин бастап барды. Жалпы есепте еліміздің намысын 9 ер және 7 әйел боксшы қорғайды.
Бүгін жарыстың алғашқы күнінде қазақстандық спортшылар рингке шығып, бірнеше маңызды кездесулер өткізеді. Күндізгі сессия Қазақстан уақытымен 19:00-де басталады. Бұл кезеңде Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, үш дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай түркиялық Айшен Ташкынмен кездессе, Дәулет Төлемісов Бразилия өкілі Филхо Исаяспен жұдырықтасады. Ал, Жансері Көшербаев Ирландия спортшысы Джуд Галахерге қарсы рингке шығады.
Кешкі сессия 01:00-де жалғасады. Онда Диас Молжігітов жапониялық Кай Ториабемен, ал Фарух Тоқтасынов Ұлыбритания өкілі Джон Макконелмен жұдырық түйістіреді.
Әлем кубогының алғашқы кезеңі 26-сәуірге дейін жалғасады.