Семейдегі "Спартак" стадионы УЕФА тексерісінен өтті
Қазақстандағы футбол инфрақұрылымын халықаралық талаптарға сәйкестендіру бағытындағы маңызды қадамдардың бірі басталды.
ашық дереккөзден
УЕФА өкілі елге арнайы келіп, Семей және Қызылорда қалаларындағы стадиондардың жағдайын тексеруге кірісті. Бұл сапардың басты мақсаты – ареналардың еурокубок деңгейіндегі матчтарды қабылдауға дайындығын бағалау.
Алғашқы тексеріс Семей қаласындағы "Спартак" стадионы нысанында өтті. Бұл туралы ҚФФ баспасөз қызметі мәлімдеді. Инспектор аренаның жалпы жағдайын, инфрақұрылымын және қауіпсіздік талаптарының орындалуын жан-жақты саралады. Нәтижесінде стадионның негізгі талаптарға сай екені белгілі болды. Дегенмен толыққанды халықаралық ойындарды өткізу үшін бірқатар техникалық әрі ұйымдастырушылық ескертулер берілді. Бұл кемшіліктер 31 мамырға дейін жойылуы тиіс.
Айта кетейік, "Спартак" - Семей қаласындағы көпфункционалды спорт нысандарының бірі. Стадион 1966 жылы пайдалануға берілген және бүгінгі күні қаладағы басты футбол ареналарының бірі саналады.
Нысан 8000 көрерменге арналған. Алаң жабыны - табиғи көгал, бұл футбол матчтарын жоғары деңгейде ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Алдағы күндері инспекция Қызылордадағы "Қайсар арена" стадионында жалғасады. Мұнда да нысанның УЕФА стандарттарына сәйкестігі жан-жақты тексеріліп, қорытынды баға беріледі.