Бүгін қос боксшымыз Әлем кубогында шаршы алаңға шығады

Бокстан Әлем кубогының кезеңі Бразилияда өтуде.

Бүгін қос боксшымыз Әлем кубогында шаршы алаңға шығады ҚР ҰОК

Бразилияның Фос-ду-Игуасу қаласында өтіп жатқан әлем кубогының кезеңінде Қазақстан құрамасының боксшылары алғашқы жекпе-жектерін өткізді. Турнирдің бірінші күнінде бес отандасымыз шаршы алаңға шығып, оның екеуі жарыс жолын жолын аяқтады. 

70 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Фарух Тоқтасынов жарысты 1/16 финалдан бастап, ирландиялық Джон Макконнеллмен кездесті. Үш раундқа созылған тартысты жекпе-жекте төрешілердің шешімі екіге жарылып, 3:2 есебімен жеңіс қазақстандық боксшыға бұйырды. Енді ол 1/8 финалда жапониялық Сэвон Экадзаваға қарсы шығады.

80 келіде Диас Молжігітов сенімді өнер көрсетті. Ол 1/16 финалда жапониялық Каи Ториябені екінші раундта екі рет нокдаунға жіберіп, жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтады. Осылайша, отандасымыз техникалық нокаутпен жеңіске жетіп, келесі кезеңге өтті.

Ал 60 келіде Жансері Көшербаев ирландиялық Джуд Галлахермен жұдырықтасып, үш раунд қорытындысы бойынша қарсыласына жол берді. Осылайша, ол турнирді ерте аяқтады.

90 келіде Дәулет Төлeмісов 1/8 финалда 2025 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері бразилиялық Фильо Исайаспен кездесті. Жекпе-жек толықтай қарсыластың басымдығымен өтіп, үш раундтың қорытындысы бойынша төрешілер жеңісті бірауыздан Исайасқа берді.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін әйелдер арасында 54 келіде Назым Қызайбай түркиялық Айшен Ташкынды 4:1 есебімен жеңіп, келесі кезеңге жолдама алған болатын. 

Алдағы жекпе-жектер де тартысты болмақ. Бүгінгі бағдарлама бойынша күндізгі сессияда (19:00) 55 келіде Бағлан Кенжебек армениялық Жирайр Саргсянмен кездеседі. Ал түнгі сессияда (01:00) 65 келіде Мұхаммедсабыр Базарбайұлы тунистік Хассен Атиамен қолғап түйістіреді.

Қазақстан құрамасы турнирді сенімді бастады. Алда әлі талай шешуші айқастар бар. Жанкүйерлер отандастарымыздан жарқын жеңістер күтеді.

Айта кетейік, турнирге Қазақстан атынан 16 боксшы аттанған болатын. Оның екеуі жарыс жолын аяқтады. 

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу