Қазақстан жастары шахматтан әлемді мойындатты

Қазақстан құрамасы жастар арасындағы әлем чемпионатында командалық есепте бірінші орынды иеленді.

Қазақстан жастары шахматтан әлемді мойындатты kzchessfederation

Сербияның Врнячка-Баня қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы рапид және блиц бойынша әлем чемпионаты Қазақстан құрамасы үшін тарихи жетістікпен аяқталды. 15-20 сәуір аралығында өткен дүбірлі додада отандастарымыз 21 медаль жеңіп алды. Оның тоғызы алтын. Бұл ел шахматы тарихындағы теңдессіз нәтиже.

Атап айтқанда, рапидтен Алдияр Аңсат (018), Ельназ Қалиахмет (G16), Рамазан Төлеген (O12), Аделина Нұрханқызы (G12), Аслан Ендібаев (08) алтыннан алқа тақты. 

Ал, Даниял Сапенов (018), Жансая Шолпанбек (G12), Нұрислам Сұлтанхан (O10), Венера Жакишева (G8), рапидтен күміс медаль иеленді. Сондай-ақ Ханзада Аманжол (G14), Нұрәлі Нұршин (O10) қола медаль алды. 

Блицтен де жас шахматшыларымыз қарсылас шақ келтірмеді. Зарина Нұрғалиева (G18), Алдияр Жарас (O12), Алиша Биссалиева (G10), Венера Жакишева (G8) әлем чемпионы атанды. 

Ерғали Сүлеймен (018), Сүлеймен Ахмет (O14), Әлімжан Жауынбай (O12) блицтен күміс жүлдеге қол жеткізді. Ал, Ақнұр Мамакова (G14), Адинұр Әділбек (O10), Аделина Нұрханқызы (G10) блицтен әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды. 

Жалпы жарысқа 40 елден 437 жас шахматшы қатысып, 8-ден 18 жасқа дейінгі алты жас санатында бақ сынады. Үш күн рапид, кейін блиц ойындары өтіп, нәтижесінде Қазақстан құрамасы командалық есепте бірінші орынды иеленді.
Чемпиондар елге оралғанымен, оларды алда жаңа жауапты жарыстар күтіп тұр. 2-12 мамыр аралығында Астанада ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатының финалы өтеді. 

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу