Рината Сұлтанова Ферғанада өткен халықаралық веложарыстың кезеңінде жеңіске жетті
Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған 150-ге жуық велошабандоз Өзбекстанда Grand Prix жарысында сынға түсті.
Қазақстан велоспорт федерациясы
Өзбекстанның Ферғана қаласында тас жолдағы велоспорттан ерлер арасында халықаралық Grand Prix Fergana және әйелдер арасында Grand Prix Fergana Ladies жарыстары өтті. Аталған додаға Өзбекстан, Индонезия, Қытай, Үндістан, Малайзия, Қазақстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Моңғолия, Франция, Англия, Испания, Жаңа Зеландия және Беларусьтен келген 150-ге жуық спортшы қатысты.
Grand Prix Fergana Ladies жарысы барысында Қазақстан құрамасының велошабандозы Рината Сұлтанова жоғары деңгейде өнер көрсетіп, екінші кезеңде 91 шақырымдық қашықтықты 2:22:40 уақытта еңсерді. Нәтижесінде мәре сызығын бірінші болып кесіп, кезең жеңімпазы атанды. Сондай-ақ ол көпкүндік жарыстың жалпы есебінде екінші орынды иеленді.
XDS China Women Team өкілі Хайсинь Дун күміс жүлдегер атанды. Ал, Индонезия өкілі Аюстина Приатна үздік үштікті түйіндеді.
Айта кетейік, 20-сәуір күні өткен алғашқы кезеңде де қазақстандық спортшылар сәтті өнер көрсетті. Тартысты өткен додада Қытай спортшысы Хао Чжан жеңіске жетсе, Қазақстан атынан сынға түскен Елизавета Склярова екінші, ал Ангелина Буренкова үшінші орынды иеленді.