Хоккейден Қазақстан U18 құрамасы әлем чемпионатында қатарынан үшінші ойында жеңіске жетті
Хоккейшілеріміз өз тобында екінші орында келеді.
icehockey
Жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты (IA дивизионы) аясында Қазақстан U18 құрамасы кезекті жарқын жеңісіне қол жеткізді. Бұл жолы отандастарымыз Украина құрамасын 5:3 есебімен тізе бүктірді.
Кездесу қазақстандықтар үшін сәтсіз басталды. Бірінші кезеңнің соңына қарай қарсылас екі шайба соғып, ал екінші кезеңде есепті 3:0-ге жеткізді. Алайда дәл осы сәтте біздің жасөспірімдер мінез танытып, камбэкке жол ашты.
Алдымен Владислав Ануфриев есеп айырмасын қысқартса, кейін Михаил Коленко мен Никита Гридасов таразы басын теңестірді - 3:3. Үшінші кезеңнің соңына таман Матвей Решетько шешуші шайбаны соғып, Қазақстанды алға шығарды. Ал матчтың соңғы секундында Егор Кравченко бос қақпаға дәл соққы жасап, ойынның нүктесін қойды - 5:3.
Осылайша, Қазақстан жасөспірімдер құрамасы маңызды үш ұпайға ие болды. Үш матчтан кейін Қазақстан құрамасы тоғыз ұпай жинап, турнирлік кестеде екінші орында тұр. Көш басында тоғыз ұпайы бар Швейцария келеді. Алайда олар соғылған және жіберілген шайбалар айырмасы бойынша алда. Бұған дейін командамыз Польшаны 10:2, Украинаны 5:3 есебімен жеңген болатын.
Келесі кездесу 23 сәуір күні өтеді. Біздің хоккейшілер Швейцария құрамасына қарсы айдынға шығады. Матч Қазақстан уақытымен 15:30-да басталады.