«Интер» тамаша камбэк жасап, Италия кубогының финалына шықты

Ойынның басты қаһарманы дубль авторы атанған түркиялық жартылай қорғаушы Хакан Чалханоглу.

«Интер» тамаша камбэк жасап, Италия кубогының финалына шықты championat

Италия кубогының 2025/2026 жылғы маусымындағы жартылай финалдың қарымта матчында «Интер» мен «Комо» командалары кездесіп, жанкүйерлерге нағыз драмалық ойын сыйлады. Миландық клуб 0:2 есебімен ұтылып жатып, керемет камбэк жасап, 3:2 есебімен жеңіске жетті.

Матчтың алғашқы бөлігінде ойын тізгінін қонақтар ұстады. 32-минутта хорватиялық жартылай қорғаушы Мартин Батурина «Комоны» алға шығарса, екінші таймның басында, 48-минутта Лукас Да Кунья есепті еселей түсті. Осылайша, «Интер» үшін жағдай қиындай түскен еді.

Алайда Кристиан Киву шәкірттері берілмеді. 69-минутта түркиялық жартылай қорғаушы Хакан Чалханоглу есеп айырмасын қысқартса, 86-минутта дубль жасап, таразы басын теңестірді. Ал матчтың шешуші сәтінде, 89-минутта Петар Сучич жеңіс голын соғып, «Интерді» финалға алып шықты.

Естеріңізге сала кетейік, алғашқы кездесу 3-наурыз күні өтіп, 0:0 есебімен аяқталған болатын. Екі матчтың қорытындысы бойынша миландықтар Италия кубогының финалына жолдама алды.

Енді екінші финалист бүгін, 22 сәуір күні анықталады. Қарымта кездесуде «Аталанта» мен «Лацио» өзара мықтыны анықтайды. Бірінші матч 2:2 есебімен тең аяқталған.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу