Айбек Оралбай: «Жеңіліс мені сындырмады, шыңдады»
Спортшының айтуынша, оның жолы оңай болмаған.
ҰОК
Аса ауыр салмақта Қазақстан тарихында тұңғыш әлем чемпионы атанған Айбек Оралбай INSPORTS.KZ YouTube арнасына сұхбат беріп, спорттық жолындағы жеңіс пен жеңілістер туралы ой бөлісті.
Спортшының айтуынша, оның жолы оңай болмаған.
Ол бұған дейін әлем чемпионаттарында жеңіліп, Париж Олимпиадасында медальға бір қадам қалғанда ұтылып қалған сәттерін еске алды.
«Мен әлем чемпионаттарында ұтылдым. Париж олимпиадасында медальға бір қадам қалғанда жеңіліс тапқан болатынмын. Оның барлығы бізге сабақ болды. Ұтылып қалғаннан кейін сынып қалсақ, мұңайып қалсақ, спортқа, боксқа ренжіп қалсақ өзімізге кесірі тиеді. Сондықтан ол сабақ болды», – деді ол.
Айбек Оралбай Олимпиададан кейінгі кезең оның мансабындағы маңызды бетбұрыс болғанын атап өтті.
Оның айтуынша, дәл сол жеңіліс кейін үлкен жеңіске жол ашқан.
«Олимпиада ойындарында ұтылғаннан кейін Ливерпульда әлем чемпионы болдым. Оның бір себебі – сол жеңілістен кейінгі жеңіс. Ол жерде өзіміздің қателіктермен жұмыс істеп, дайындалып, еңбек етіп, сол жеңістің дәмін таттық. Әлем чемпионы болдым. Тарихта бірінші қазақ болдым аса ауыр салмақта әлем чемпионы болған. Өте қуанышты болдым. Сол кезде Олимпиада ойындарындағы жеңілісім ұмытылып кетті», – деді спортшы.
Сонымен қатар ол алдағы басты мақсатын да бөлісті.
Айбек Оралбайдың айтуынша, оның келесі мақсаты – Олимпиада ойындарында жеңісті қайталау.
«Бірақ әлі бір мақсатым бар. Жеңісімді 2028 жылы Лос-Анджелес Олимпиадасында қайталау», – деді ол.