«Бізден тек жеңіс күтеді» — Айбек Оралбайдың ашық пікірі
Қазақ халқы бокс спортын өте қатты жақсы көреді.
ҰОК
Аса ауыр салмақта Қазақстан тарихында тұңғыш әлем чемпионы атанған Айбек Оралбай INSPORTS.KZ YouTube арнасына сұхбат беріп, қазақ жанкүйерлерінің боксқа деген ерекше көзқарасы мен үміті туралы айтты.
Спортшының айтуынша, Қазақстанда боксқа деген қызығушылық өте жоғары, ал жанкүйерлердің талап-тілегі де соған сай өте үлкен.
«Қазақ халқы бокс спортын өте қатты жақсы көреді. Бірінші спорт деп те айтады. Бокс жанкүйерлері өте көп. Біз жеңіліс тапқан кезде бізге қатты ренжиді, боксқа ренжиді. Ал басқа спорт түрлеріне, мысалы футболға немесе өзге спорттарға қарасақ, ұтылса да ондай қатты сын болмайды. Ал бокс болса, біз ұтылған кезде қатты сын болады. Біз оған ештеңе дей алмаймыз. Өйткені бізден жеңіс күтеді», – деді ол.
Айбек Оралбай жанкүйерлердің сенімі өздеріне үлкен жауапкершілік жүктейтінін атап өтті.
«Бізге үміт артып отырады қазақ халқы мен бокс жанкүйерлері. Сондықтан сол сенімді, сол үмітті ақтау үшін еңбек етіп келеміз. Алдағы уақытта да жеңістерімізбен қуантамыз деген ойдамыз», – дейді әлем чемпионы.