Жағажайдағы Азия ойындары 2026: Қазақстан құрамасы су добынан Таиландты жеңді

Саньяда ірі спорт мерекесі басталды.

Жағажайдағы Азия ойындары 2026: Қазақстан құрамасы су добынан Таиландты жеңді Никита Басов

2026 жылғы Жағажайдағы Азия ойындары Қытайдың Санья қаласында өтіп жатыр. Бұл Азия құрлығындағы жағажай және су спорт түрлерін біріктіретін ең ірі халықаралық додалардың бірі.

Аталған жарыс Азия Олимпиадалық кеңесі ұйымдастыруымен өткізіледі және оған құрлықтың ондаған елінен спортшылар қатысады. Жағажай Азиадасы алғаш рет 2008 жылы ұйымдастырылып, содан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді.

Турнир бағдарламасына жағажай футболы, жағажай волейболы, су добы, триатлон, серфинг, кайтсерфинг және басқа да спорт түрлері енген. Бұл жарыстардың басты ерекшелігі - табиғи ортада, яғни теңіз жағалауында өтуі. 

Биылғы додада Қазақстан құрамасы да 9 дисциплина бойынша бақ сынауда. Бүгін әйелдер арасындағы су добынан командамыз жарысты сәтті бастап, алғашқы кездесуінде Таиланд құрамасын пенальти сериясында жеңді. 

Айта кетейік, жарыстың ресми ашылу салтанаты бүгін, 22 сәуірде Қазақстан уақытымен 17:00-де басталады. Ұйымдастырушылар дәстүрлі түрде құрамалар шеруін, мәдени бағдарлама және алауды жағу рәсімін өткізуді жоспарлап отыр.

Ал, ертең 23 сәуір күні акватлон, джиу-джитсу, жағажай волейболы, желкенді спорт түрлері бойынша жарыстар ұйымдастырылып, сондай-ақ әйелдер арасындағы су добынан Қазақстан құрамасы Гонконгқа қарсы матч өткізеді.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу