Қазақстан әйелдер құрамасы ФИФА рейтингінде бірден 16 сатыға жоғарылады

Бегайым Қырғызбаева жаттықтыратын ұлттық құрамамыз биыл тамаша нәтиже көрсетуде.

Қазақстан әйелдер құрамасы ФИФА рейтингінде бірден 16 сатыға жоғарылады kff.kz

ФИФА әйелдер ұлттық құрамаларының жаңартылған рейтингін жариялады. 2027 жылғы әлем чемпионатына іріктеу кезеңіндегі сәтті ойындардың арқасында Қазақстан құрамасы айтарлықтай ілгеріледі.

Қазақстан әйелдер құрамасы Беларуське қарсы жеңісінің нәтижесінде 32,43 ұпай еншілеп, бірден 16 сатыға жоғарылап, әлемдік рейтингте 97-орынға тұрақтады.

Қазіргі таңда қазақстандық футболшылар 2027 жылғы әйелдер арасындағы әлем чемпионатына іріктеу турнирінде С лигасының 6-тобында өнер көрсетіп жатыр. Командамыз өз тобында екінші орында келеді. 

Алда Қазақстан мен Беларусь құрамаларын Арменияға қарсы шешуші кездесулер күтіп тұр. Топ жеңімпазы әлем чемпионатына жолдама үшін плей-оффта бақ сынайды. Сонымен қатар, екінші орын алған командалардың ішіндегі үздік екі құрама да плей-офф кезеңіне шығу мүмкіндігіне ие болады.

Айта кетейік, ФИФА рейтингісінде көш басында Испания құрамасы тұр.  АҚШ екінші сатыға жайғасса, Англия құрамасы үшінші орынға табан тіреді. Үздік ондыққа Германия, Жапония, Бразилия, Франция, Швеция, Канада және Нидерланды командалары енді.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу