«Челси» бас бапкерін қызметтен босатты

Бас бапкердің нәтижесі көңіл көншітпеді.

«Челси» бас бапкерін қызметтен босатты «Челси» ФК

Лондондық «Челси» клубының бас бапкері Лиам Росеньормен қош айтысқанын ресми түрде жариялады. Мұндай шешім команданың соңғы уақыттағы сәтсіз нәтижелеріне байланысты қабылданған.

Қазіргі таңда «Челси» Англия премьер-лигасының турнирлік кестесінде 48 ұпаймен жетінші орында тұр. Клуб басшылығы бұл көрсеткіш пен ойын сапасы қойылған талаптарға сай келмейтінін атап өтті.

Росеньор команданы биыл қаңтар айында тізгіндеген еді. Ол ұзақ мерзімді келісімшартқа отырып, 2032 жылға дейін жұмыс істеуі тиіс болатын. Алайда бапкердің жетекшілігімен лондондықтар маусымды сәтті бастағанымен, кейін нәтижелер күрт төмендеп кетті.

Команда Англия кубогының жартылай финалында «Арсенал» клубына 0:1 есебімен есе жіберсе, Чемпиондар лигасының 1/8 финалында «ПСЖ»  клубынан екі матчтың қорытындысы бойынша 2:8 есебімен ойсырай жеңілді. Ал премьер-лигада «Челси» соңғы бес турда қатарынан гол соқпай жеңіліс тапты.

Росеньор италиялық Энцо Маресканың орнына келген болатын. Енді маусым соңына дейін команданы уақытша Калум Макфарлен жаттықтырады. Ол бұған дейін де Мареска қызметтен кеткеннен кейін «Челсиді» уақытша басқарған еді. Ал, клубтың жаттықтырушылар штабы өзгеріссіз қалады.

Естеріңізге сала кетейік, биыл «Челси» сапына қазақстандық жас талант Дастан Сәтпаев та қосылуы тиіс. 2025 жылдың ақпан айында лондондық клуб Сәтпаевты 4.3 млн еуроға сатып алған еді. Шабуылшы «Челсиге» 12 тамызда, кәмелет жасқа толғаннан кейін ресми түрде ауысады. Бірақ ол уақытта Англия Премьер-лигасының жаңа маусымының басталуына шамамен он күндей ғана уақыт қалады. Бұл оның негізгі командаға тез бейімделуін қиындатуы мүмкін.

Алдын ала жоспар бойынша, Қазақстан құрамасының ойыншысы алдымен клубтың жастар командасында ойнайды. Одан кейін клуб басшылығы мен жаттықтырушылар штабы оның алдағы тағдырын шешеді. Яғни, жақсы өнер көрсетсе, негізгі құрамға шақырылуы да мүмкін. Дегенмен соңғы шешімді клуб басшылығы мен бас бапкер қабылдайды. 

Айта кетейік, «Челси» қазіргі таңда жаңа бас бапкерді іздестіруді бастап кетті. 

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу