Юлия Путинцева Mutua Madrid Open турнирін жеңіспен бастады
Турнирдің жүлде қоры 8 235 000 АҚШ долларын құрайды.
Instagram Юлия Путинцева
Испания астанасы Мадридте өтіп жатқан беделді WTA 1000 турнирінде қазақстандық теннисші Юлия Путинцева алғашқы айналымнан сәтті өтті. Ол чехиялық Тереза Валентованы 6:4, 4:6, 6:3 есебімен жеңді.
Матч 2 сағат 54 минутқа созылды. Путинцева бұл ойында эйс жасамағанымен, бірде-бір қос қателік жібермей, сенімді ойын көрсетті. Ал қарсыласы төрт эйс орындап, жеті рет қателесті. Келесі кезеңде қазақстандық теннисші украиналық Марта Костюкпен кездеседі. Бұл матч 24 сәуір күні өтеді.
Жарысқа басқа да қазақстандық спортшылар қатысады. Жұптық сында Анна Данилина америкалық Эйжа Мухаммадпен бірге өнер көрсетеді. Алғашқы айналымда олар Улрикке Эйкери мен Кайла Глисон жұбына қарсы ойнайды.
Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина турнирді екінші айналымнан бастайды. Оның алғашқы қарсыласы румыниялық Елена-Габриэла Русе. Бұған дейінгі кездесулерде Рыбакина екі рет жеңіске жеткен және Русеге қарсы матчта ғана емес, жалпы турнирдің басты фавориттерінің бірі саналады.
Ерлер арасында Александр Бублик сегізінші нөмірмен тіркеліп, жарысты бірден екінші айналымнан бастайды. Ол Стефанос Циципас пен Патрик Кипсон арасындағы матчтың жеңімпазымен кездеседі.
Ал, Александр Шевченко алғашқы айналымда испаниялық Хауме Мунармен ойнайды.
Айта кетейік, 20-сәуір басталған Мадридтегі Mutua Madrid Open турнирі 3-мамырға дейін жалғасады.