Жағажайдағы Азия ойындарында Қазақстан қоржынына алғашқы медаль түсті
Батыр Теңізбай Жағажайдағы Азия ойындарының қола жүлдесін жеңіп алды.
Никита Басов
Қытайдың Санья қаласында өтіп жатқан VI Жағажайдағы Азия ойындарында Қазақстан құрамасы алғашқы жүлдесіне қол жеткізді. Ел қоржынына қола медальді джиу-джитсудан ұлттық құрама спортшысы Батыр Теңізбай салды.
-62 кг салмақта сынға түскен Батыр қола жүлде үшін өткен кездесуде отандасы Мансұр Хабибулламен күш сынасты. Тартысты жекпе-жекте Батыр басым түсіп, үшінші орынды иеленді.
Сонымен қатар жағажай волейболынан да Қазақстан командалары сәтті өнер көрсетуде. Ерлер арасындағы Қазақстан-1 құрамасы (Сергей Богату мен Кирилл Гурин) 2-турда Шри-Ланка командасын 2:0 есебімен жеңді. Бұған дейін олар Лаос спортшыларынан да басым түскен.
Әйелдер арасында Қазақстан-2 командасы (Кристина Каримова мен Екатерина Рюхова) алғашқы ойында Моңғолия құрамасын 2:0 есебімен ұтты.
Ал, су добынан Қазақстан әйелдер құрамасы Гонконгты 3:1 есебімен жеңді. Бұған дейін команда Таиландты да ұтқан. 24 сәуірде құрамамыз алтын медаль үшін Қытаймен кездеседі.
Айта кетейік, VI Жағажайдағы Азия ойындары Қытайдың Санья қаласында өтіп жатыр. Бұл Азия құрлығындағы жағажай және су спорт түрлерін біріктіретін ірі халықаралық жарыс. Бағдарламаға жағажай футболы, волейбол, су добы, триатлон, серфинг, кайтсерфинг және басқа да спорт түрлері енген.
Биыл Қазақстан құрамасы бұл додада 9 спорт түрі бойынша ел намысын қорғауда.