Алуа Балқыбекова ширек финалда, Мұхамедсабыр Базарбайұлы жарыспен қош айтысты

16 қазақстандық былғары қолғап шебері Фос-ду-Игуасу қаласында әлем кубогында сынға түсуде.

Алуа Балқыбекова ширек финалда, Мұхамедсабыр Базарбайұлы жарыспен қош айтысты olympic.kz

Бразилияда өтіп жатқан әлем кубогының алғашқы кезеңінде Қазақстан боксшыларының кезекті кездесулері өтті. Бүгінгі күннің басты жаңалығы - 51 келіде өнер көрсететін екі дүркін әлем чемпионы Алуа Балқыбекова ширек финалға жолдама алды.
1/8 финалда ол болгариялық Златислава Чукановамен қолғап түйістірді. Үш раунд бойы қарсыласы белсенді шабуылда болғанымен, Балқыбекова суыққанды тактика ұстанып, арақашықтықты дәл сақтады. Қарымта шабуылда сәтті қимылдаған қазақстандық боксшы төрешілердің шешімімен 4:1 есебімен жеңіске жетті.

Енді ширек финалда Алуа Балқыбекова ирландиялық Даяна Мурхаузпен кездеседі. Бұл жекпе-жек ертең өтеді.

Ал 65 келіде сынға түскен Мұхаммедсабыр Базарбайұлы үшін турнир аяқталды. Ол 1/8 финалда франциялық Хуго Грауға қарсы шықты. Жекпе-жек өте тартысты өтті. Қазақстандық спортшы қысқа қашықтықта белсенді әрекет етсе, қарсыласы алыс дистанцияда қарымта соққыларға иек артты. Нәтижесінде төрешілер шешімімен 3:2 есебімен Грау жеңіске жетті.

Айта кетейік, түнгі сессияда бүгін Қазақстан уақытымен 01:00-де Аида Әбікеева чехиялық Виктория Жилковаға қарсы жекпе-жек өткізеді.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу