Жібек Құламбаева Қытайда өткен турнирдің чемпионы атанды
Жібек Құламбаева қыркүйек айынан бері бірде-бір рет жеңіліс таппаған.
ktf.kz
Қытайдың Баотоу қаласында 20-26 сәуір аралығында өткен әйелдер арасындағы ITF W50 санатындағы халықаралық теннис турнирі мәресіне жетті. Бұл жарыс ITF Women’s World Tennis Tour аясында ұйымдастырылып, кездесулер топырақ жамылғысындағы корттарда өтті.
Турнирдің жалпы жүлде қоры 40 000 АҚШ долларын құрады. Бұл көрсеткіш W50 санатындағы жарыстар үшін стандартты деңгей саналады және қатысушыларға рейтингтік ұпайлар жинауға мүмкіндік береді.
Жарыс классикалық форматта өтті. Жекелей сында негізгі кезеңге 32 теннисші қатысып, тағы 32 спортшы іріктеу кезеңінде бақ сынады. Осылайша, жекелей сында жалпы саны 64 ойыншы өнер көрсетті. Ал жұптық сында 16 жұп, яғни 32 теннисші жүлдені сарапқа салды.
Баотоудағы бұл додаға Қазақстан, Қытай, Ресей, Италия және басқа да елдердің теннисшілері бәсекеге түсті. Отандасымыз Жібек Құламбаева аталмыш турнирде жұптық сында чемпион атанды. Финалда ол ресейлік Екатерина Рейнгольдпен бірге өнер көрсетіп, Италия өкілі Дилетта Черубини мен қытайлық Ченги Юань жұбын айқын басымдықпен жеңді. Кездесу барысында Құламбаева мен Рейнгольд кортта толық үстемдік танытып, қарсыластарын 6:1, 6:1 есебімен тізе бүктірді.
Бұл жеңіс Жібек Құламбаева мен Екатерина Рейнгольд үшін алғашқы бірлескен титул болды.
Айта кетейік, Жібек жекелеген турнирлер мен Билли Джин Кинг кубогы аясындағы матчтарды қоса есептегенде, қатарынан 17-ші жеңісіне қол жеткізді.