Төрешілер жазаланды: Мұхамедсабыр Базарбайұлының Әлем кубогындағы жекпе-жегіне қатысты шешім қайта қаралды

Екі төреші турнирден толықтай шеттетіліп, осы жарыс аясында төрелік ету құқығынан айырылды.

Төрешілер жазаланды: Мұхамедсабыр Базарбайұлының Әлем кубогындағы жекпе-жегіне қатысты шешім қайта қаралды ашық дереккөзден

Бразилияда бокстан өтіп жатқан Әлем кубогының 1/8 финалында болған даулы жекпе-жекке қатысты жаңа мәліметтер жарияланды. Қазақстандық боксшы Мұхаммедсабыр Базарбайұлы мен франциялық Хуго Грау арасындағы кездесуден кейін Қазақстан бокс федерациясы ресми түрде World Boxing ұйымына хат жолдаған. Бұл туралы Қазақстан бокс федерациясы мәлімдеді. 

Аталған өтініштен кейін World Boxing ұйымының төрешілер мен қазыларға жауапты бөлімі жекпе-жекті қайта қарап, арнайы талдау жүргізді. Күнделікті R&J (Referees & Judges) бағалау жиыны барысында бұл кездесу толықтай қайта сарапталған.

Сараптамаға қатысқан сегіз маман жекпе-жекті қайта қарап, олардың басым бөлігі екінші және үшінші раундтарды Қазақстан боксшысының пайдасына 9:10 есебімен бағалаған. Яғни, мамандардың пікірінше, дәл осы раундтарда Мұхаммедсабыр Базарбайұлы айқын басымдық танытқан.

Тексеру нәтижесінде бастапқыда жеңісті франциялық боксшыға берген үш төрешінің жұмысы қате деп танылып, оларға санкция қолданылды. Оның ішінде екі төреші турнирден толықтай шеттетіліп, осы жарыс аясында төрелік ету құқығынан айырылды.

Бұл жағдай төрешілік шешімдердің әділдігі мәселесін тағы да күн тәртібіне шығарып отыр. Қазақстан тарапының уақтылы әрекеті нәтижесінде даулы жекпе-жекке нақты баға беріліп, тиісті шаралар қабылданды.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу