25 сәуір - Қазақстанда футбол мерекесі
24 жыл бұрын Қазақстан ресми түрде УЕФА-ның мүшесі атанды.
pictur.klev.club
Бүгін Қазақстанда футбол жанкүйерлері үшін ерекше мереке. 25 сәуір - отандық футболдың жаңа кезеңге қадам басқан тарихи сәтімен байланысты маңызды күн. Дәл осы күні, 2002 жылы УЕФА-ның Стокгольмде өткен 26-конгресінде Қазақстан ресми түрде Еуропалық футбол қауымдастықтары одағының мүшесі атанды.
Бұл шешім қазақ футболының дамуына тың серпін беріп, халықаралық аренадағы жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Содан бері отандық клубтар мен ұлттық құрамалар Еуропа додаларында өнер көрсетіп, тәжірибе жинап, өз деңгейін біртіндеп көтеріп келеді. Биыл сол тарихи оқиғаға 24 жыл толып отыр.
Футбол - миллиондаған адамның жүрегін жаулаған, арманға қанат бітіретін әлемдегі ең танымал спорт түрі. Қазақстанда да бұл ойынға деген қызығушылық жыл санап артып келеді. Балалардан бастап кәсіби деңгейге дейінгі жүйе қалыптасып, жаңа есімдер мен таланттар шығып жатыр.
Осы мерекелі күні алаңда тер төгіп жүрген ойыншыларды, командаларды дайындап жүрген бапкерлерді, ел футболының іргесін қалаған ардагерлерді, сондай-ақ адал жанкүйерлерді құттықтау - ортақ міндет. Олардың әрқайсысы қазақ футболының дамуына өзіндік үлес қосып келеді.
Қазақ футболының мерейі үстем болып, көк туымыз халықаралық додаларда биіктен көріне берсін!