Жағажайдағы Азия ойындарында Қазақстан құрамасы күміс медальға ие болды
Қытайдың Санья қаласында өтіп жатқан 2026 жылғы жағажайдағы Азия ойындары аясында су добынан әйелдер арасындағы сайыстар мәресіне жетті.
Никита Басов
Қазақстан ұлттық құрамасы су добынан турнир қорытындысы бойынша күміс жүлдеге ие болды. Жарысқа Қазақстан, Қытай, Таиланд және Гонконг құрамалары қатысты. Турнир айналмалы жүйе бойынша ұйымдастырылып, әр команда бір-бірімен кездесті.
Шешуші тур алдындағы жағдай бойынша Қазақстан мен Қытай құрамалары екі жеңістен иеленіп, алтын жүлденің тағдыры өзара кездесуде анықталды. Қорытынды матчта Қытай құрамасы жеңіске жетті. Ойын нәтижесі - 3:1.
Айта кетейік, Жағажайдағы Азия ойындары - Азия құрлығындағы жағажай және су спорт түрлері бойынша өтетін ірі халықаралық жарыс. Турнирді Азия Олимпиадалық кеңесі ұйымдастырады және 2008 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді.