Бразилиядағы Әлем кубогында ел қоржынына әлғашқы жүлде түсті
Жібек Жарасқызы Әлем кубогының қола жүлдесін жеңіп алды.
boxingkazakhstan
Бразилияның Фос-ду-Игуасу қаласында өтіп жатқан бокстан Әлем кубогының бірінші кезеңі аясында жартылай финалдық жекпе-жектер өтуде. Аталған додаға 50 елден 400-ден астам спортшы қатысып, олардан 31 елден келген боксшылар жартылай финалға жолдама алды. Қазақстан құрамасынан бұл кезеңге жеті боксшы өтті.
80 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Жібек Жарасқызы жартылай финалда Польша спортшысы Эмилия Котерскамен кездесті. Жекпе-жек қорытындысы бойынша төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен 0:5 есебімен қарсыласына жол берген қазақстандық боксшы Әлем кубогының қола жүлдесіне ие болды.
85 келі салмақта Сұлтанбек Айбарұлы Германия өкілі Валериж Валтермен қолғап түйістіріп, жекпе-жек барысында айқын басымдық танытты. Қорытынды есеп - 5:0. Осы нәтижемен ол финалға жолдама алды.
Сондай-ақ, 60 келі салмақта Виктория Графеева жартылай финалда Польша боксшысы Анета Рыгельскамен кездесіп, үш раунд бойы қарсыласынан басым түсіп, 5:0 есебімен жеңіске жетті. Нәтижесінде ол да финалға шықты.
Бүгінгі жартылай финалдық кезең аясында тағы үш қазақстандық боксшы сынға түседі. Кешкі сессия 01:00-де басталады. Жоспарланған жекпе-жектер бойынша 65 келіде Аида Әбікеева бельгиялық Ошин Дириюмен, 51 келіде Алуа Балқыбекова қытайлық Ксиню Киімен, ал 80 келіде Диас Молжігітов бразилиялық Уондерлей Перейрамен кездеседі.