“Арсенал” АПЛ-да көш бастады

Бүгін “Арсенал” аса жарқын ойын көрсетпесе де, мінез танытып, маңызды үш ұпайға қол жеткізді.

“Арсенал” АПЛ-да көш бастады Arsenal FC via Getty Images

Англия Премьер-лигасында “Арсенал” өз алаңында “Ньюкасл” командасын 1:0 есебімен жеңіп, турнир кестесінде көш бастады. Кездесудің тағдырын стандартты жағдайдан соғылған жалғыз гол шешті.

Матчты лондондықтар сенімді бастады. Жарақатынан айыққан Букайо Сака қосалқы құрамда қалса, қорғаныстың оң қапталында Бен Уайт алаңға шықты. Ал қонақтар сапында негізгі ойыншылар - Ник Поуп, Дэн Берн, Бруно Гимараэс секілді футболшылар қайта оралды.

Ойынның 9-минутында бұрыштама добынан кейін есеп ашылды. Кай Хаверц айып алаңы шетіне ыңғайлы пас тастап, Эберечи Эзе допты бірден қақпаға бағыттап, мергендік танытты -1:0.

Бірінші таймда алаң иелері басым көрінгенімен, есепті еселей алмады. Ал “Ньюкасл” сирек шабуылдады. Қауіпті сәттердің бірінде Сандро Тонали алыстан соққы жасап, бірақ Давид Райя командасын құтқарып қалды.

Екінші таймда ойын қарқыны бәсеңдеп, қауіпті сәттер аз болды. Кездесудің бір эпизодында Поуп қарсы шабуылды тоқтатып, алаңнан қуылуға шақ қалды. Матч соңында Йоан Висса есепті теңестіруге тамаша мүмкіндік алғанымен, оны пайдалана алмады.

Осылайша, “Арсенал” аса жарқын ойын көрсетпесе де, мінез танытып, маңызды үш ұпайға қол жеткізді. Бұл жеңіс лондондықтарға турнирлік кестеде көшбасшылықты қайтаруға мүмкіндік берді.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу