Төрт қазақстандық боксшы Әлем кубогының финалында өнер көрсетеді

Бүгін финалдық жекпе-жектер басталды.

Төрт қазақстандық боксшы Әлем кубогының финалында өнер көрсетеді ашық дереккөзден

Бразилияда өтіп жатқан бокстан Әлем кубогының алғашқы кезеңінде Қазақстан құрамасы жүлделі орындар мен финалдық жолдамалар үшін тартысты жалғастыруда. Турнир барысында ел намысын қорғаған бірқатар спортшылар маңызды нәтижелерге қол жеткізді.

80 келі салмақта өнер көрсеткен Диас Молжігітов жарысты мерзімінен бұрын аяқтауға мәжбүр болды. 24 сәуір күні ширек финалда англиялық Оладжимеджи Шиттумен жекпе-жек кезінде оның сол көзі жарақат алды. Соның салдарынан отандасымыз жартылай финалға шыға алмады. Осылайша, Диас турнирдің қола жүлдесін иеленді.

Сондай-ақ, 51 келіде сынға түскен екі дүркін әлем чемпионы Алуа Балқыбекова жартылай финалда қытайлық Хиню Киммен қолғап түйістірді. Үш раундқа созылған тартысты кездесуде төрешілер 3:2 есебімен қарсыласқа басымдық берді. Нәтижесінде Балқыбекова да қола жүлдегер атанды. Айта кетейік, бұл екі боксшы 2025 жылы Ливерпульде өткен жарыстың жартылай финалында кездесіп, ол жолы қазақстандық спортшы жеңіске жеткен еді.

Ал 85 келіде өнер көрсететін Сұлтанбек Айбарұлы финалға жолдама алды. Жартылай финалда ол германиялық Валериж Валтермен жұдырықтасып, 5:0 есебімен айқын жеңіске жетті.

65 келі салмақтағы тағы бір тәжірибелі боксшымыз Аида Әбікеева де финалға өтті. Ол жартылай финалда бельгиялық Ошин Дириюден басым түсті. Енді финалда өзбекстандық Навбахор Хамидовамен алтын жүлдені сарапқа салады.

Бүгін жарыстың шешуші айқастары өтеді. Күндізгі сессияда (19:00) 60 келіде Виктория Графеева бразилиялық Ребекка Сантоске қарсы шығады.
Кешкі сессияда (1:00) турнирдің финалдық жекпе-жектері өтеді. 65 келі салмақта Аида Әбікеева өзбекстандық Навбахор Хамидовамен кездеседі. 85 келіде Сұлтанбек Айбарұлы бразилиялық Кауе Белиниге қарсы шаршы алаңға шығады. Ал +81 келіде Валерия Аксенова мажарстандық София Зирамен қолғап түйістіреді.

Қазіргі уақытта Қазақстан құрамасының қоржынында үш қола жүлде бар. Осылайша, Қазақстан боксшылары Әлем кубогының алғашқы кезеңінде жоғары нәтиже көрсетіп, енді алтын жүлделер үшін шешуші айқастарда бақ сынайды.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу