Виктория Графеева Әлем кубогында алтын медаль иеленді
Бразилиядағы Әлем кубогында Қазақстан қоржынына алғашқы алтын медаль түсті.
Қазақстан бокс федерациясы
Бразилияның Фос-ду-Игуасу қаласында өткен бокстан Әлем кубогының финалында 60 келіде сынға түскен Виктория Графеева чемпион атанды.
Шешуші жекпе-жекте ол әлем чемпионы, бразилиялық Ребека Де Лима Сантоспен кездесті. Айқас тактикалық тұрғыдан тартысты өтті. Қазақстандық спортшы қашықтықты сақтап, дәл соққыларға мән берсе, қарсыласы үнемі қысым жасап, шабуылға иек артты.
Төрешілер шешімімен 4:1 есебімен жеңіс Виктория Графееваға берілді. Осылайша, ол Әлем кубогының алтын жүлдесін еншіледі.
Айта кету керек, қос боксшы соңғы бір жылда төртінші рет кездесіп отыр. Бұған дейінгі айқастарда қарсыластар бір-біріне кезек басымдық берген болатын. 2025 жылы Астанада өткен финалда Графеева жеңсе, кейінгі екі турнирде бразилиялық боксшы алға шыққан еді.
Бұл жолы қазақстандық спортшы өз мүмкіндігін толық пайдаланып, маңызды жеңіске қол жеткізді.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін кешкі сессияда (1:00) 65 келі салмақта Аида Әбікеева өзбекстандық Навбахор Хамидовамен кездеседі. 85 келіде Сұлтанбек Айбарұлы бразилиялық Кауе Белиниге қарсы шаршы алаңға шығады. Ал +81 келіде Валерия Аксенова мажарстандық София Зирамен қолғап түйістіреді.